Колледж оқытушыларының жалақысы неге төмен?

dep.jpg

Колледж педагогтерінің еңбекақысы көңіл көншітпейді. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан жоғары білікті кадрлардың кетуіне әкеліп отыр. Мәжілістегі ҚХП фракциясының депутаты Ислам Сұңқар жағдайды түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты.

Депутаттың сөзінше, колледж оқытушыларының жалақысы олардың оқу жүктемесіне сай емес. Еңбекақы көлемі жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің және елдегі орташа жалақы деңгейінен айтарлықтай төмен. Мәселен, мемлекеттік колледжде арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері жоғары біліммен және 10 жылдық еңбек өтілімен айына шамамен 200 мың теңге алады.

– Мектеп мұғаліміне бір академиялық сағат үшін төленетін ақы колледж оқытушысымен салыстырғанда жоғары. Сондай-ақ колледж педагогтері мектептер мен жоғары оқу орындарында бар магистр және философия докторы (PhD) дәрежелері үшін берілетін ынталандыру төлемдерінің жоқтығына шағымданады, – деп атап өтті депутат.

Депутат бұл жағдай еңбек шартына сәйкес теңсіздікті қалыптастырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі педагог мамандығының беделін төмендетінін және жоғары білікті мамандарды тартуға кедергі келтіретінін айтты. Ал мұндай оқытушылардың мотивациясының төмендеуі орта буын мамандарын даярлау сапасының құлдырауына алып келеді. Бұл мемлекеттік білім беру саясатының басымдықтарына да, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттеріне де қайшы.

ҚХП фракциясы колледж оқытушыларының еңбекақысын есептеу жүйесін қайта қарауды, сондай-ақ магистр немесе PhD дәрежесі бар педагогтерге ынталандыру төлемдерін енгізу мәселесін пысықтауды ұсынады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy