Магистратура мен докторантураға қабылдау талаптарын қайта қарау арқылы ғылыми білім беру жүйесін жаңғырту туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Ғылым және жоғары білім министрі

С.Нұрбекке

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білікті кадрларды іріктеу мен даярлау, сондай-ақ олардың ғылым саласында әрі қарай жұмыс істеуіне жағдай жасау – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, 2023 жылы 1500-ден астам докторанттың тек 38%-ы ғана диссертациясын сәтті қорғаған. Оның ішінде ғылыммен айналысуды жалғастырып жатқандары – шамамен жартысы ғана.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы бұл жағдайдың қалыптасуына абитуриенттерге қойылатын қазіргі талаптар себеп болып отыр деп санайды.

Бүгінде студенттер бір мамандық бойынша бакалавр дипломын алып, мүлде басқа, салалық байланысы жоқ бағыттағы магистратураға түсе алады. Біздің ойымызша, білім беру сапасына осылайша үстірт қарау еліміздің зияткерлік әлеуетінің төмендеуіне және ғылымның құлдырауына алып келуі мүмкін.

Осыған байланысты, уәкілетті органнан магистратураға қабылдаудың тәртібі мен талаптарын түбегейлі қайта қарауды сұраймыз. Атап айтқанда, магистратураға түсу үшін негізгі талап ретінде бейінді жоғары білімнің болуын міндетті ету қажет.

Сондай-ақ, ғылым мен зерттеу саласының дамуына елеулі үлес қосатын жандардың бірі – ғылым докторлары. Ғылыми институттардың жұмысы көбіне осы мамандардың біліктілігі мен тәжірибесіне тәуелді. Сондықтан олардың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөлу қажет.

Қазіргі талап бойынша докторантураға түсу үшін кемінде 9 ай еңбек өтілі, соңғы үш күнтізбелік жылдағы (бар болған жағдайда) ғылыми жарияланымдар тізімі, зерттеу жоспары және эссе талап етіледі. Алайда біз үшін ғылым, педагогика және кәсіби қызметтің сапасын айқындайтын басты өлшем – бұл ғылыми-зерттеу қабілеті, алынған білімді тәжірибеде дұрыс қолдана білуі мен маманның кәсіби жарамдылығы.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының пікірінше, сандық көрсеткіштерге емес, сапалық талаптарға көшудің уақыты әлдеқашан келіп жетті. Қазіргі талаптар салдарынан кәсіби, өмірлік және зерттеу тәжірибесі жеткіліксіз жүздеген мың ғылым докторлары пайда болуда.

Осыған байланысты, докторантураға қабылдау талаптарын қайта қарап, негізгі екпінді ғылыми-зерттеу жұмысына қою, үміткерлердің ғылыми жарияланымдарына сапалық және сандық талаптарды белгілеу, сондай-ақ магистратураны аяқтаған соң докторантураға түсу үшін міндетті 5 жылдық үзіліс енгізу қажет деп санаймыз.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, депутаттық сауалға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Смирнова

А.Нұралин

К. Сейтжан

И. Сұңкар