Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мен сізге Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде жүгініп отырмын.
Маған зағип және нашар көретін балаларға арналған Н.Островский атындағы №4 мамандандырылған мектеп-интернатының (әрі қарай – №4 ММИ) музыка бөлімінің педагогтарынан өтініш келіп түсті. Олардың айтуынша, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің енгізіп жатқан жаңа өзгерістері мүгедектігі бар адамдарды қоғамға әлеуметтік интеграциялау мен бейімдеу мақсатында жасалған оқу бағдарламаларын толық жойып жатыр.
1997 жылдан бері мектеп Жарғысында музыкалық мамандықтар бойынша оқыту «музыкалық бөлім» ретінде ресми түрде көрсетілген. Музыкалық бөлімдегі барлық сабақ өзге де түзету пәндері сияқты бекітілген кестеге сай екінші ауысымда өтеді. №4 ММИ-дегі музыка пәні мұғалімдері – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен өзге де жоғары музыкалық-педагогикалық оқу орындарының түлектері. Олар баян, домбыра, вокал, фортепиано, скрипка және қобыз сыныптарында сабақ береді. Топтық және жеке сабақтар өткізіп, интернат тәрбиеленушілерінің музыкалық қабілетін дамытады, музыкалық аспаптарда ойнауды үйретеді. Бұл мамандардың барлығы аталған мекеменің штаттық қызметкерлері.
2018 жылға дейін интернат мұғалімдері жалпы тәртіп бойынша аттестациядан өтіп, әрқайсысына атқаратын лауазымына қарай санат берілетін (мысалы: домбыра, баян, актерлік шеберлік, теориялық пәндер мұғалімі және т.б.). 2018 жылдан бастап жаңа стандарт енгізіліп, барлығына ортақ «музыка пәні мұғалімі» санаты тағайындалды, кәсіби санаты да соған сай расталды. (Айта кету керек, түзету мектептерінде «қосымша білім беру» ұғымы қарастырылмаған.)
Алайда 2021 жылдан бастап жағдай күрт өзгерді. Сол жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі барлық арнайы мектеп-интернаттардың мәртебесін негізсіз өзгертті. Осылайша олар республикалық маңызға ие мекеме емес, жай ғана арнайы мектептерге айналып, қала әкімдігінің балансына берілді.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап музыкалық бөлім мұғалімдерінің еңбекақысы В2 санатынан айтарлықтай төмен В3 санатына ауыстырылды. Мұндай өзгерісті педагогтарға олардың Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына (МЖБС) сәйкес жұмыс істемейтіндігімен түсіндірген.
2024 жылы өткен кезекті аттестациядан соң музыка пәнінің мұғалімдері қосымша білім беру педагогтары деңгейіне дейін төмендетілді. Бұл дегеніміз – педагогтар бұрын алған санаттарынан, 20-30 жылдық (тіпті одан да көп) еңбек өтілінен айырылып, еңбек жолын қайтадан жаңадан бастауы тиіс деген сөз. Кейін музыкалық бөлім толықтай қайта құрылымдалып, тек үйірме түрінде қалдырылды. Осылайша, зағип және көру қабілеті нашар балалар кәсіби музыкалық білім алу мүмкіндігінен айырылып, мектеп-интернат тәжірибелі әрі білікті музыка педагогтарынан қол үзді.
Маған жүгінбестен бұрын, мұғалімдер Алматы қаласының Білім басқармасына өтініш білдірген. Алайда, басқарма бұл мәселені шешудің балама жолы ретінде №4 ММИ жанындағы музыкалық бөлімді мүлде жабуды және оны №10 балалар музыка мектебінің филиалына айналдыруды ұсынған. Бірақ бұл жерде үлкен мәселе бар – №10 музыка мектебінің өз ғимараты жоқ, әрі қаржыландыруы негізінен «қалдық ақша» есебінен ғана жүзеге асады. Мұндай мәжбүрлі-балама өзгерістен кейін мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай қысқарып, сыйақыдан да қағылады. Бүгінде жағдай осы күйде қалып отыр.
Былтыр Алматы қалалық Білім басқармасының өкілдерімен бірнеше кездесу өткіздік, алайда мәселе әлі де оң шешімін тапқан жоқ.
Мұғалімдер №4 ММИ жанындағы музыка бөлімін бұрынғы қалпына келтіруге көмектесуді сұрап отыр және мен бұл ұсынысты толықтай қолдаймын. Аталған бөлімнің ерекшелігі – бұл Қазақстан Республикасындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған музыкалық бөлімі бар жалғыз түзету-білім беру мекемесі екендігінде. Музыка өнері – көру қаблетінен айырылған жандарды қоғамға бейімдеудің және әлеуметтендірудің санаулы тиімді жолдарының бірі. Ал Оқу-ағарту министрлігі музыкалық бөлімді жойған жағдайда көру қаблетінен айырылған балаларды болашағынан, өз қабілетін іске асырып, қоғамға бейімделіп, толыққанды әлеуметтік ортаға қосылу мүмкіндігінен айырады.
Өз тәжірибеме сүйене отырып айтарым – мектеп ерекше қажеттілігі бар жандар үшін негізгі дағдыларды қалыптастыратын алғашқы орта. Мектепте алған базалық білімімнің арқасында мен алға қадам бастым: өз кәсібімді аштым, шет тілдерін меңгердім, спортпен кәсіби түрде айналыстым және өз мүмкіндігімді, дарынымды жүзеге асыра алдым. Көру қабілетімнің нашар екеніне қарамастан, мемлекетке масыл болып отырған жоқпын. Менің мамандығым, жұмысым бар, өз еңбегіммен күн көруге қауқарлымын. Неге бүгінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі жергілікті мектеп басшылығымен бірге зағип балаларды кәсіби білім алу мүмкіндігінен айыруға тырысып отыр? Егер олар сапалы білімнен қағылса, өмір бойы мемлекет көмегіне мұқтаж жандарға айналуы мүмкін. Сонда Оқу-ағарту министрлігінің қалағаны осы ма?
Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі елеміздегі инклюзия бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жиі айтып жүр. Алайда, олар өздерінен бұрын қалыптасқан сапалы жүйені қалай бұзып жатқанын байқамайтын секілді. Бұрындары кәсіби маман даярлау ісі жолға қойылған арнайы мектеп-интернаттардан бұл бағыт біртіндеп жойылып барады.
Кезінде мұндай мекемелерде көру қабілеті нашар балалар актерлік шеберлікке, музыкаға, шешендік өнерге, массаж жасауға және басқа да мамандықтарға машықтанып шығатын. Қазір бұл мүмкіндіктер жоқ. Яғни, түлектер мамандық алу құқығынан айырылып, өз күнін өзі көре алатын, қоғамға бейім, тәуелсіз азамат болу мүмкіндігінен айырылып отыр. Осылайша, оларды өмір бойы жәрдемақыға тәуелді болуға еріксіз итермелеуде.
Шындыққа тура қарайық. Ерекше білім беру қажеттілігі бар баланы қабылдағанымен, бейімделмеген жалпы білім беретін мектеп ондай оқушыға сапалы білім бере алмайды. Мектеп дәлізіне төселген сары тактильді жолақ ештеңені шешпейді. Оқу-ағарту министрлігі жиі айтатын инклюзия шын мәнінде – жай ғана миф. Өкінішке қарай, ерекше қажеттілігі бар балалар мұндай мектептерден шынайы білім мен дағды, өмірде қажетті қарапайым қабілеттер емес, тек жоғары баға алып шығады. Осы шындықты ашық мойындап, жағдайды қалай жақсартамыз деген сұраққа жауап іздейтін кез келді. Ең болмаса, бұрыннан бар жүйені бұзбай, сақтап қалуға күш салайық.
Осы ретте Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы мынадай ұсыныстар әзірледі:
№4 ММИ жанындағы музыкалық бөлімнің педагогтар құрамының жұмысын бұрынғы көлемінде қалпына келтіру;
Жоғары музыкалық оқу орындарын бітірген музыкалық бөлім мұғалімдерінің дипломдарын жалпы білім беретін пән мұғалімдерінің дипломына теңестіру;
Музыкалық бөлім мұғалімдері қосымша білім беру саласына ауысқан жағдайда да, оларға бұған дейін алған педагогикалық санатын растауға рұқсат беру;
№4 мектеп-интернатына ғана емес, елдегі кәсіби бағытта білім беретін, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған өзге де түзету мектеп-интернаттарына бұрынғы мәртебесін қайтару. Бұл әзірге мүмкін болып тұрғанда, яғни, мүгедектігі бар балалармен жұмыс істеуге бейімделген мамандар бар кезде, материалдық-техникалық база толық жойылып кетпей тұрған шақта қолға алынуы тиіс. Біздің депутаттық сауалымызға заңмен белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Смирнова
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар