АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы Түркістан облысынан бастау алды

dep.jpg

Атом электр станциясының салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың өкілдері Түркістан облысына барды. Аталмыш штаб жақында құрылып, оған еліміздегі 6 саяси партия мен 20 республикалық қоғамдық бірлестіктердің 250-ден астам өкілі бкріккен болатын. Штабтың мақсаты мен міндеті – халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қазақстандықтарды елімізде атом электр станциясын салу идеясын қолдап дауыс беруге шақыру.

Үгіт-насихат жүргізу үшін Түркістан облысы алғашқылардың бірі ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. Ол республикадағы халық ең тығыз қоныстанған өңірлердің бірі және бүгінде энергия тапшылығынан жиі зардап шегіп отырған аймақ саналады. Электр энергиясы – ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа кәсіпорындар мен сапалы жұмыс орындарын ашуға және коммуналдық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін өте қажет. Ал АЭС салу тұрақты энергия көзіне қол жеткізе отырып, осы аталғандарды тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді. Халықтық штаб қызметкерлері халыққа осы және басқа да атомдық перспективалар туралы айту мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек.

– Кез келген маңызды істі Түркістаннан бастау жақсы дәстүрге айналды деуге болады. Бұл киелі жерге деген құрмет қана емес әрі тарихи сабақтастық, – дейді ұйымдастырушылар.

Халықтық штаб облыс тұрғындарымен, денсаулық сақтау саласының өкілдерімен, мәдениет қайраткерлерімен, ұстаздар қауымымен, диқандармен және басқа да еңбек ұжымдарымен кездесу ұйымдастырмақ. Сонымен қатар, штаб өкілдері Кентау қаласындағы 5-ЖЭО-ға баруды жоспарлап отыр.

Бұл ақпараттық жұмысқа Қазақстан Халық партиясы да белсене қатысуда. ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев республикалық халықтық штабтың құрамына енсе, ҚХП аймақтардағы филиалдарының өкілдері жергілікті жерлерде құрылған штаб құрамына кірді. Түркістан облысында партия атынан ҚХП жергілікті филиалының жетекшілері Зухра Қамбарова мен Ысқақ Ахметов бар.

Отандық атом энергетикасының әрі қарайғы тағдыры шешілетін жалпыхалықтық референдум 2024 жылдың 6 қазанында өтеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy