АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб жұмысы аясында Қазақстан Халық партиясының өкілдері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, атом энергетикасы туралы әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттардың ақ-қарасын түсіндіріп, елдің күмәнін сейілтті.
ҚХП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахтияр Жандарбеков Халықтық штабтың өкілдерімен бірге жергілікті Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің оқытушы-профессорларымен және студенттерімен кездесті. Шара барысында АЭС салу елдегі энергетикалық мәселелерді шешуге көмектесетіні, ал ядролық жобаны жүзеге асыру тек энергетикалық тәуелсіздікке ғана емес, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға да ықпал ететіні айтылды. Сондай-ақ агитаторлар қаланың белсенді жастарымен жүздесті. Олар алдағы АЭС құрылысының артықшылықтары мен кемшіліктерін талқылап, Қазақстан үшін атом электр станциясының өмірлік маңызы зор деген қорытындыға келді.
– Елдегі электр энергиясына деген сұранысының артуы мен таза энергия көздеріне көшу жағдайында атом электр станциялары ең тиімді шешім болмақ. Заманауи атом электр станциялары экологиялық және өзге де қауіп-қатерді барынша азайтатын қатаң қауіпсіздік стандарттарына сай салынады, - деп атап өтті партиялықтар.
Қарағанды қалалық мәслихатының ҚХП атынан сайланған депутаты Анатолий Баранов та түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылау үшін «Metalware» ЖШС еңбек ұжымымен кездесіп, жиналғандар алдында сөз сөйледі. Осы ретте еліміздің электр қуаты тапшылығын бастан кешіп отырғанын және оны тек атом электр станциясын салу арқылы ғана шешуге болатынын атап өтті.
Баранов екінші шараны «JAKKO» ЖШС қызметкерлерімен өткізді. Мұнда атом энергетикасының негізгі аспектілері, атап айтқанда, жобаны жүзеге асыру кезінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық тәуекелдер, экономикалық тиімділік пен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Депутат Халықтық штабтың ұстанымын түсіндіріп, референдум өткізудің маңызына да тоқталды.