ARTSPORT белсенділері ҚХП қатарына қосылуда

Қазақстан Халық партиясы мен «ARTSPORT.KZ» РҚБ ынтымақтастық туралы меморандумды рәсімдеді.

Құжатқа ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев пен РҚБ төралқа басшысы Қуат Ерғалиев қол қойды. Шара шеңберінде ҚХП-ға қатарына қосылуға ниет білдірген бірлестік өкілдеріне партия билеттері табысталды.

ARTSPORT – қазақстандық балаларға спортпен, шығармашылықпен тегін айналысуға және өз таланттарын іске асыруға мүмкіндік беретін бірегей мемлекеттік бағдарлама. Алайда, биыл оған қауіп төнді. Үкіметтегі шенеуніктер бағдарлама мемлекеттік бюджетке салмақ салады деген байлам жасап, шығындарды едәуір қысқартуды ұсынды. Бұл идея мектептен тыс білім беру қызметін жеткізушілері мен ата-аналардың наразылығын туғызды.

Осыған байланысты пікірталастар, митингілер мен наразылық акциялары өтті. Қазақстан Халық партиясы ARTSPORT-ты алғашқылардың бірі болып қорғады. Партия өкілдері шенеуніктерді қаржыландыруды қысқартпауға және балаларды шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына бару мүмкіндігінен айырмауға шақырды.

– ARTSPORT – балалардың игілігіне бағытталған реформа, – деді «ARTSPORT» РҚБ басшысы Қуат Ерғалиев. – Қазақстан Халық партиясы – реформа мен біздің қозғалысымызды ашық қолдаған алғашқы және әзірге жалғыз саяси күш. Мемлекеттік билік бізді жақсы естуі үшін біз партияға қосыламыз.

ARTSPORT-ты қорғаушылар дегеніне жетті. Шенеуніктердің ұсынысы кері қайтарылды, қазір бағдарлама қайта қаралып, талдануда. Ал партия мен республикалық қоғамдық бірлестіктің ынтымақтастығы жалғасып жатыр.

Айта кетейік, меморандум екі ұйымның өзара ынтымақтастығын балалар арасында бұқаралық спортты насихаттауға, сондай-ақ мәдениет пен өнерді дәріптеуге жұмылдыруды көздейді.

– Біз, Халық партиясы, халықтың мүддесін сөзбен емес, іспен қорғаймыз, – деп атап өтті меморандумға қол қою рәсімінде ҚХП басшысы Ермұхамет Ертісбаев. – ARTSPORT мәселесі, көпбалалы аналардың проблемалары, нүктелі құрылыс – осының барлығы азаматтар тарапынан қолдау тауып жатыр. Сондықтан адамдар біздің партияға қосылып жатыр. Тек Астанада ғана 50-ге жуық адам ҚХП қатарына қабылданды.

Өңірлерде де осындай іс-шаралар жоспарланып отыр. Ермұхамет Ертісбаев мұны маңызды оқиға деп атады.

– Партияға белсенді азаматтық ұстанымы бар қазақстандықтар келеді, – деді ол. – Бізге осындай адамдар қажет.

Қазақстан Халық партиясы


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy