Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Кеше Астанада сайыстың ашылу салтанаты өтті. Шараға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Сондай-ақ кеш қонақтары ретінде Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдердің басшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары болды.
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуында сөз сөйлеп, жарысқа қатысуға келген қонақтар мен спортшыларға алғысын білдірді. Президент көшпенділер өркениеті әлемдік тарихта терең із қалдырып, жаһандық прогреске үлес қосқанын атап өтті.
– Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты шараның басында Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің балалары еліміздің туын әкеліп, мемлекеттік әнұран шырқалды және қатысушы елдер делегацияларының дәстүрлі шеруі өтті. Биыл аталмыш жарысқа Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Австралия елдерінің спортшылары қатысуда.
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының басшысы Магеррам Магеррамовтың айтуынша, мұндай спорт түрі халықтардың мәдени дамуында, салт-дәстүрді сақтау жолында, ұлттық бірегейлікті нығайтуда және дене төзімділігін шыңдауда маңызды рөл атқарады.
– Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Қазақстанда өтуі ерекше маңызға ие. Қазақ жері заңды түрде көшпелілер мәдениетінің «бесігі» саналады. Өзінің бай тарихымен әйгілі және оның қайта жаңғырып, сақталуына жан-жақты үлес қосып келеді, – деді Фракция басшысы.
Сондай-ақ Магеррамов, Көшпенділер ойындарын өткізу мен ұйымдастыру және осындай іс-шараларға қатысу дәстүрі көшпелі өмір салтынан бастау алатын халықтардың ұлттық-этникалық бірегейлік сезімін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, мұндай шаралар әртүрлі халық арасындағы өзара мәдени алмасудың маңызды алаңы саналады, халықаралық байланыстарды нығайтып, ұлттық спорт түрлерін әлемге танытуға ықпал етеді.