Қазақстан Халық партиясы кезектен тыс сайлауда Тоқаевты қолдайды

Астанада Қазақстан Халық партиясының XXI кезектен тыс Съезі өтті. Оған республиканың барлық өңірлерінен делегаттар қатысты. Жиында 2022 жылғы президенттік сайлау науқанының мәселелері талқыланды. Партия әу баста мәлімдегендей, алдағы сайлауда қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға ниетті.

ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, қазіргі дүниежүзілік алмағайып кезеңде Қазақстан Орталық Азия өңірінде «Қауіпсіздік аралы» болып тұр. Біздің міндетіміз – тұрақтылықты сақтау.

«Ішкі саяси ойындар мен бөлшектенуге уақыт жоқ. Бірлік пен сергек сана қажет. Сондықтан біздің партия саяси күштердің ішінде кезектен тыс президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірінші болып қолдады.Бұл мәселеде біз елдің мүддесіне сүйенеміз», – деді ҚХП төрағасы.

Е.Ертісбаев биыл өткен жалпыұлттық референдум Жаңа Әділетті Қазақстанның берік конституциялық негізін қалағанын түсіндірді. Алдағы сайлау республиканың басқару жүйесін трансформациялауды аяқтайды. Осыдан кейін елдің барлық саяси күштері әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жүйелі және кешенді шешуге шоғырланады.

Төрағаны ҚХП басшысының бірінші орынбасары, «Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров қолдады.

«Біздің саяси тұғырнамамыз бен сайлауалды бағдарламамыз қазіргі мемлекет басшысының саясатымен және жоспарларымен толық сәйкес келеді», – деді ол.

Съезде ҚХП өңірлік филиалдарының өкілдері де баяндама жасады. Олар жиында айтылған мәселелердің басым бөлігі Мемлекет басшысының назарына алынғанын және бақылауда тұрғанын атап өтті.

«Қазақстан Халық партиясы үнемі халықтың әл-ауқатын жақсарту қажеттігін алға тартып келеді. Сондықтан біз алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймыз. Біз Жаңа Қазақстанның құрылысына белсенді түрде қатысамыз. Тоқаев – біздің, халықтың Президенті!», – деп атап өтті спикерлер

Қазақстан Халық партиясының съезі дауыс беру рәсімімен аяқталды. Қатысушылар бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy