Мәжіліс Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы (АИИБ) қарыз туралы келісімді ратификациялады. Несие 52,7 млрд иен көлемінде берілмек. Оған қызмет көрсетуді және өтеуді Қаржы министрлігі алдағы жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен жүзеге асыратын болады.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, Азия даму банкі (АДБ) мен АИИБ несиелері негізгі қарыз бойынша үш жылдық жеңілдік кезеңімен 15 жыл мерзімге беріледі. Бұл республикалық бюджетке артылатын жүкті айтарлықтай жеңілдетедіп, қаржылық жүктемені азайтады деп жоспарланып отыр.
«Бұл шарттар Қазақстанға қаржылық міндеттемелерін тиімді жоспарлауға және күтпеген бюджет тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді министр.
Дегенмен, депутаттар несиенің экономикаға аса пайдалы емес екенін алға тартуда. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов АДБ мен АИИБ-дан несие алу Қазақстанның мемлекеттік қарызының жалпы деңгейіне және оған қызмет көрсету құнына қалай әсер ететінін сұрады.
– Бюджет кірістері азайған жағдайда қаржы тұрақтылығының нашарлауының ықтимал сценарийлері ескерілді ме? – деп сұрады мәжілісмен.
Мәди Тәкиев барлығы ескерілді, алаңдайтын ештеңе жоқ деп сендірді. Қазақстанның мемлекеттік қарызы 1 қазандағы жағдай бойынша 30,5 триллион теңге, бұл ЖІӨ-ге қатысты 22,6-23 пайызды құрайды.
«Жалпы, біздің мемлекеттік қарызымыз қауіпсіз деңгейде екенін атап өткім келеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік қарызға белгіленген лимит ЖІӨ-нің 32 пайызын құрайды», – деді министр.