Басқарушы компаниялардың жауапкершілігі күшейтіледі

dep.jpg

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жаңа заң жобасы басқарушы компаниялардың кондоминиум тұрғындары алдындағы әкімшілік жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Бұл туралы құжатты әзірлеушілердің өкілі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаты Кенжеғұл Сейтжанның сұрағына жауап беру барысында мәлімдеді.

Талқылау кезінде Сейтжан басқарушы компания өз міндеттерін тиісті деңгейде орындаудан бас тартқан жағдайда, оған қандай шаралар қолданылатынын сұрады.

– Бізге тұрғындардан шағымдар келіп түсті. Мұндай компаниялардың кесірінен кейбір пәтерлерде электр жарығы мен су ажыратылған жағдайлар болды. Басқарушы компанияларға қандай да бір айыппұлдар немесе басқа да шаралар қарастырылған ба?, - деп сұрады депутат.

Смышляева бұл мәселе бойынша басқарушы компанияларға қатысты әкімшілік шаралар қарастырылғанын және олардың міндеттемелерін орындамаған жағдайда айыппұл санкциялары қолданылатынын атап өтті.

– Біз бұл мәселенің азаматтық-құқықтық қатынастар аясында қарастырылатынын ұмытпауымыз керек. Дегенмен, әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге ниеттіміз, - деп түсіндірді мәжілісмен.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy