Осакаров аудандық мәслихатына Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Сырымбет Абдоллаев сайлаушылар алдында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Іссапар барысында ол Осакаровка ауылына барып, жергілікті тұрғындармен және аумақтық сайлау комиссиясының өкілдерімен кездесті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының бірінші форумында: «Депутаттар өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болуы керек!» – деген еді. ҚХП-дан сайланған халық қалаулылары осыны берік ұстанады.
«Халықтың айтқан мәселелерін партиялық бақылауға алып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешетін боламыз», - деді Абдлоллаев.
Тұрғындармен кездесу барысында көптеген сұрақтар қойылды. Тұрғындар электр энергиясы, азық-түлік, жанар-жағармай және т.б. бағасының жаппай қымбаттағанына шағымданды. Оған қоса, әлі күнге дейін магистральды құбырлар Осакаровкаға жетпей, ауылды газбен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Теміржол бағыттарында да мәселелер бар. Кездесуден кейін депутатқа тағы екі азамат баспана және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша жеке хабарласты.