Мәжіліс эндаумент-қорлар туралы заң жобасын мақұлдады

dep.jpg

Мәжіліс Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген «Мақсатты капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат аталған қорлардың қаржыландыру бағыттарын, активтерін, қызметін, басқару тәртібі мен қаржылық бақылау жүйесін нақты реттеуге бағытталған.

Ведомство басшысы Саясат Нұрбектің айтуынша, мақсатты капитал қорын басқару құрылымына қамқоршылық кеңесі (жоғары орган әрі атқарушы орган ретінде) және ішкі аудит қызметі кіретін болады.

– Қамқоршылық кеңесі қордың стратегиялық басқаруын жүзеге асырып, инвестициялық декларация мен қаржылық жоспарды бекітеді, қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау жасап, басқарушы компанияны таңдау туралы шешім қабылдайды, – деді министр.

Алайда Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар дәстүрлі түрде мұндай қорларда тек ішкі аудит жүргізілетінін атап өтті. Ал Аудиторлық қызмет туралы заңда қарастырылған міндетті тәуелсіз аудит бұл жағдайда жүргізілмейді.

– Депутаттар тарапынан (қорларды – авт.) міндетті тәуелсіз аудит жүргізуді көздейтін түзету ұсынылған болатын. Осыған байланысты, министрлік бұл ұсынысты қолдай ма? – деп сұрады депутат.

Ғылым министрі бұл бастаманы қолдайтынын айтып, нақтылап өтті: халықаралық тәжірибеде эндаумент-қорлар өзін жақсы жағынан көрсеткенімен, Қазақстан үшін бұл – жаңа дүние. Сондықтан, тәуелсіз аудитсіз жұмыс істеу мүмкін емес деді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy