Жергілікті мәселелер – ортақ жауапкершілік

Қазақстан Халық партиясынан сайланған түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары өңірлерде тұрғындармен кездесулер өткізуде. Олар сайлаушыларға атқарылған жұмыстар жайлы есеп беріп, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдайды.

Сол кездесулердің бірі Ұлан ауданына қарасты Шығыс ауылының тұрғындарымен өтті. Оны ҚХП атынан сайланған депутат Ілияс Төлегенов ұйымдастырды. Кездесу барысында ауыл халқы бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, интернет байланысының сапасы төмен екенін алға тартты. Сондай-ақ ауыл ішіндегі жолдардың жай-күйі де тұрғындарды алаңдатып отыр.

1

– Асфальт әбден тозып, келесі бір-екі жылдың ішінде мүлде жарамсыз күйге түсуі мүмкін, – деп алаңдаушылығын білдірді тұрғындар.

Депутат көтерілген мәселелердің бәрін жеке бақылауына алатынын айтып, тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.

2

– Халықпен ашық пікірлесу – жергілікті мәселелерді шешудің тиімді жолы. Алдағы уақытта да тұрғындармен тығыз байланыста болып, көтеріген мәселелерге дер кезінде назар аударып, қолдан келген көмекті көрсетуге тырысамын, – деді Ілияс Төлегенов.

Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Анжела Горностаева Михаэлис көшесіндегі аула белсенділерімен кездесті. Жиынға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің, тұрғын үй қатынастары басқармасының, қалалық ТҮКШ қызметінің өкілдері де қатысты. Былтыр бұл аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілгенімен, көше жарығы мәселесі шешілмей қалған еді.

3

– Мәселе мынада: үш үй ПИК-тің қарамағында болса, бір үй жеке меншік қарапайым серіктестік ретінде тіркелген. Екі тарап та жарық нүктесін беруге, сондай-ақ жарыққа төлем жасап, оны күтіп ұстауға келіспей келді, – деп түсіндірді тұрғындар.

Кездесу нәтижесінде тараптар ортақ шешімге келіп, жауапкершілік пен төлемді өзара бөлісуге уағдаласты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy