Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқығы жөніндегі уәкіл, Қазақстан халық партиясының өкілі Кенжеғұл Сейтжан Қазақстандағы жеке сот орындаушылар институтының даму мәселелеріне арналған Үкімет сағатында бірқатар маңызды сұрақ көтерді. Ол әсіресе мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен оларға сот орындаушылары жүйесінің қолжетімділігіне тоқталды.
Алдымен депутат Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтан әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға қандай да бір жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған ба деген сұрақ қойды.
– Екінші мәселе – ақпараттандыру жайлы. Сіздердің ақпараттық жүйелеріңіз қашан толық цифрлық форматқа көшеді және бұл жүйелер көру қабілеті нашар немесе мүлде көрмейтін азаматтар үшін қаншалықты қолжетімді болады? Бүгінгі таңда ондай мүмкіндік жоқ, - деді омбудсмен-депутат.
Ал Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Айдос Иманбаевқа Сейтжан мүгедектігі бар адамдардың аталған палатада жұмыс істей ала ма, егер жұмыс істеп жүрсе – олардың саны қанша деген сауал қойды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев сайтты дамыту барысында депутаттың ұсыныстары ескерілетінін айтып, мүгедектігі бар азаматтар үшін қарастырылған жеңілдіктер тізімін жазбаша түрде жолдайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Айдос Иманбаев егер борышкер екінші немесе үшінші топтағы мүгедек болса, заңнамаға сәйкес, қарыз өндіріп алу кезінде ұсталым мөлшері төменірек болатынын түсіндірді.
– Біздің өңірлік бөлімшелерімізде барлығы 126 қызметкер жұмыс істейді. Солардың ішінде 3 қызметкер – мүгедектігі бар азаматтар, – деді палата төрағасы.