ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Кенжеғұл Сейітжан сайлаушылармен кездесу мақсатындағы жұмыс сапары аясында «Отбасын қолдау орталығы» КММ және «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-ге барды. Былтыр жыл басында ашылған орталықты Ләззат Қожахметова басқарады.
«Бұл Қарағанды облысындағы өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін алғашқы мемлекеттік мекеме», - деп атап өтті жиынға қатысушылар.
Орталықтың негізгі мақсаттарының бірі – неке және отбасы институтын нығайту және оның әл-ауқатын жақсарту.
Мекеменің жұмысы мемлекеттік отбасы саясаты шараларын іске асыруға, оның ішінде отбасылық жанжалдарды реттеуге бағытталған. Орталық өмірде қиын жағдайға тап болған тұлғаларға (отбасына) әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын мемлекеттік органдармен үйлестіре отырып жүзеге асырады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер бір ай бойы баспанамен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Орталық мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультативтік қолдауды әзірлеп, қоғамдағы отбасы жағдайын қадағалап, талдап, отбасы мүшелеріне қолайлы психологиялық климатты қамтамасыз ету және жанжалдардың алдын алу және жою үшін психологиялық көмек көрсетеді. Мекемеде алимент өндіру, мүлікті бөлу, несие бойынша борышкерлерді банкрот деп тану және т.б мәселелер бойынша заңгерлік кеңес беру қызметтері де бар. 2024 жылы Орталық жалпы саны 5014 қызмет көрсеткен.
– Орталық қызметінің негізгі бағыттары – «бір терезе» қағидаты бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және отбасының барлық мүшесінің әлеуметтік және тұлғалық дамуына қолдау көрсету, - деп атап өтті Орталық қызметкерлері.
«Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Жанай Ысқақовпен кездесу барысында Кенжеғұл Сейітжан басқарманың жұмысымен танысты.