Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге мырзамен және Франция Елшілігінің саяси мәселелер жөніндегі екінші кеңесшісі Тома Наджармен кездесті. Тараптар жаһандық жағдайды және екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Кездесу барысында партия төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан Жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалар туралы баяндады. Сонымен қатар, ол партияның қызметі, идеологиясы, бағдарламасы және сайлаушылармен байланысы жөнінде айтып өтті.
– Қазақстан Халық партиясы – әлеуметтік-демократиялық бағыттағы саяси күш. Ол еңбек адамының құқығын қорғайды және ел халқының басым бөлігінің мүддесін білдіреді, – деді Ермұхамет Ертісбаев.
ҚХП төрағасы сайлаушылармен тиімді байланыс орнату үшін заманауи технологиялардың маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, партия халыққа жақын болу, кең аудитория қалыптастыру және пікірлес азаматтарды тарту мақсатында медиаформаттарды белсенді пайдаланып келеді: бейнероликтер түсіреді, әлеуметтік желілер арқылы үндеу жасайды.
– Біз өзімізді толыққанды медиа-партия деп атай аламыз, – деп атап өтті Ертісбаев.
Өз кезегінде Сильван Гиоге Франциядағы солшыл партиялар, олардың прогрессивті бастамалары мен идеялары жайында сөз қозғады.
– Қазақстан Халық партиясының қызметі Франциядағы социалистік партияның жұмысымен көптеген бағытта үндеседі, – деді елші.
Кездесу соңында тараптар қазіргі геосаяси ахуал мен түрлі қақтығыстарды сөз етіп, алдағы уақытта тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.