ҚХП төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев бірқатар облыстардағы партияның өңірлік филиалдарына барды

Ол Өскемен, Семей, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Талдықорған және Қонаев қалаларында партия активімен кездесті.

Сапардың мақсаты ҚР Президентінің халыққа Жолдауын және алдағы электоралды кампанияны түсіндіру болды.

Кездесулерде ол пікірлестермен бірге алдағы президенттік және парламенттік сайлауға дайындық мәселесін талқылады.

Шара шеңберінде шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, фермерлер мен аграршыларды алаңдататын мәселелер ой елегінен өткізілді.

Аймақтардың да проблемалары назардан тыс қалған жоқ. Көкшетаудағы кездесуде партиялықтар қаланы сумен жабдықтау мәселесін көтерді, Петропавлда егін жинау кезеңіндегі ЖЖМ тапшылығы туралы мәлімделді, ал Қостанайда жақында болған өрт тілге тиек етілді.

Талдықорғанда өткен кездесуде де өзекті мәселелерге назар аударылды. Партия белсенділері ШОБ бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерге және жергілікті жердегі бюрократияға шағымданды.

«Бизнес өкілдері сыбайлас жемқорлық фактілері, шағын кәсіпорындардың субсидияға қолжетімсіздігі және жосықсыз бәсекелестік туралы айтты. Сонымен қатар біз өңірдегі қолайсыз экологиялық жағдай туралы әңгімелестік. Облыстың су ресурстары аграрлық секторды дамытудың қайнар көзі болып табылады, бірақ соңғы жылдары біз суармалы судың тапшылығын және су қорларының айтарлықтай азайғанын байқап отырмыз», – деп атап өтті партиялықтар талқылау қорытындысында.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy