Қазақстанға дамыған атом энергетикасы қажет

dep.jpg

Мәжілістегі ҚХП фракциясының депутаты, Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан республикамызға дамыған атом энергетикасы қажет деп санайды. Осы ретте депутат отандастарын бейбіт атомнан қорықпауға шақырды.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауына тоқтала отырып, еліміздің әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға және халық табысын арттыруға ықпал ететін бірқатар маңызды мәселені атап өтті.

- Бюджет қаражатының едәуір бөлігі әлеуметтік төлемдер саласына бағытталатын болады. Сондай-ақ бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарланып отыр, -деді К.Сейітжан.

ҚХП депутаты Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда энергетика саласына да ерекше назар аударғанын айтты. Депутаттың пікірінше, онда әрбір қазақстандықты ойланатарлық дүниелер айтылған. Осы ретте Кенжеғұл Сейтжан Алматы маңындағы Алатау кентінде жүргізіліп жатқан іргелі ядролық-физикалық және материалтану зерттеулері, реакторішілік сынақтар және медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотоптар өндірісі туралы еске салып өтті.

– Бұл жобалар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ғылым мен технологиялардың дамуына және энергияның экологиялық таза көздерін дамытуға ықпал ететініне сенімдімін, - деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, 6 қазанға белгіленген АЭС құрылысына қатысты референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір жарқын көрінісі болмақ.

– Осы референдумда дұрыс шешім қабылданады деп үміттенемін. Бұл елдің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, - деп түйіндеді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy