Қазақстан Халық партиясы табиғи байлықты халыққа қайтаруды талап етеді. ҚХП осындай өзгерісті Конституцияға енгізуді ұсынды және қазір оның жүзеге асырылуын назарда ұстап отыр.
– Жаңа Қазақстанда «қаймақты» шетелдік немесе отандық жер қойнауын пайдаланушы алып, жер қойнауын пайдаланып, шетелге пайда шығарып, шығынды халық пен мемлекеттік бюджетке жүктеу құпталмайды, ¬– деп санайды партия өкілдері.
Мәжілісмен Ерлан Смайлов осы мәселе бойынша ҚХП фракциясының депутаттық сауалын жариялады. Ол көмір өндіру саласының өзекті мәселелерін Шахтинск қаласының В.Ленин атындағы шахтасын мысалға келтіре отырып мәлімдеді. – Шахтерлар мен жалпы қала тұрғындарын шахтаның болашағына қатысты мәселелер толғандырады, – деп атап өтті Е.Смайлов. – Олар үшін қала маңында орналасқан карьерді жабу, қалпына келтіру және одан әрі пайдалану да маңызды. «Қорғау» көміршілер кәсіподағы мүшелерінің айтуынша, бірқатар жұмысты шұғыл жүргізбесе, Ленин атындағы шахтадан көмір өндіру 5-6 жылдан кейін тоқтайды. 1400 адамнан тұратын ұжымға жұмыссыздық қаупі төніп тұр. Іс жүзінде 1400 отбасы жалақы мен өмір сүру қаражатынсыз қалуы мүмкін. – Шахта ұжымы бұл мәселені «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының көмір департаменті әкімшілігінің алдына бірнеше рет қойды, – деп атап өтті ҚХП депутаты. Шахтерлердің пікірінше, егер шұғыл шара қолданылмаса, онда шахтаны «Тентек» және «Абай» шахталарының тағдыры күтіп тұр. Қазіргі уақытта аты аталған шахталарда көмір өндірілмейді.
– Бұл жағдай әлеуметтік шиеленістің өсуіне түрткі болады және тез арада шешуді қажет етеді, – деді мәжілісмен.
Шахтинск тұрғындары мен кеншілерді толғандыратын екінші маңызды әрі өзекті мәселе ¬– В. Ленин атындағы шахтаның маңында орналасқан «Ақжарық Көмір» ЖШС көмір карьерін жабу және облыстық маңызы бар Шахтинск-Есенгелді автокөлік жолын қалпына келтіру.
– Қазір карьердің орнына тұрмыстық қоқыс полигонын салу жобасы қаралып жатыр, – деп нақтылады ҚХП депутаты. – Бұл мүлдем қолайсыз және қала тұрғындарының экологиясы мен денсаулығына қауіп төндіреді. ҚХП фракциясы мәселе жергілікті деңгейде, тіпті республикалық деңгейде шешілмейтінін тұрғанын алға тартып отыр.
– Үкімет Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында өндірудің дамуы мен келешегіне бақылауды толығымен жоғалтты, – деп нақтылады партия өкілі.