ҚХП-ның Абай облыстық филиалы жастарға арналған мәдени-танымдық шаралар кешенін жалғастыруда. Семей қаласындағы №13 орта мектептің кітапханасында партия мүшелері қазақ жазушысы Мұхтар Мағауиннің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды.
«Бұл кітап көрмесі жазушыға деген құрмет қана емес, оның қазіргі әдебиетке қосқан үлесі қаншалықты маңызды екенін еске салады. Жазушының шығармалары – баға жетпес мұра. Мұхатар Мағауиннің шығармалары бізді тарихымызға, болмысымызға және болашағымызға ой жүгіртуге жетелейді», деп атап өтті шараның ашылуында ҚХП филиалының төрағасы Айдын Егеубаев.
Қазақстан Халық партиясы ұлттық мәдениетті дамыту бағытындағы бастамаларға қашан да қолдау көрсетіп келеді. Мұндай көрмелерді өткізу – еліміздің мәдени құндылықтарын сақтау мен танымал ету жолындағы тағы бір маңызды қадам.
«Бұл көрме Мұхтар Мағауин шығармашылығының барлық жанкүйері үшін маңызды оқиға болып қана қоймай, өскелең ұрпақты жігерлендіретініне сенімдіміз», - деді Айдын Егеубаев.
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин – танымал қазақстандық жазушы, қоғам және мәдениет қайраткері, аудармашы. Ғылыми монографиялар мен бірқатар көркем шығармалардың авторы: «Көк мұнар» романы, «Бір атаның балалары» повесі, «Аласапыран» тарихи дилогиясы, «Шақан Шері», «Мен» романдары, т.б. С. Моэм, Г. Хаггард, Н. Погодин және тағы да басқа әйгілі жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. 1997 жылы Түркияның өнер қайраткерлері мен жазушылары қорының «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» сыйлығымен марапатталды. Жазушы сонымен қатар Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияның иегері. Дарынды қаламгер 2025 жылдың 9 қаңтарында дүниеден озды.