Халық жады – ұрпаққа аманат

Қазақстан Халық партиясы Ұлы Жеңістің тарихи маңызын терең түсініп, оны ұрпақ жадында мәңгілік сақтауға зор мән береді. Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жыл сайын Халықаралық «Вахат памяти» акциясына қолдау көрсетіп келеді. ҚХП белсендісі, интернационалист жауынгер, «Саланг» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Александр Азегов басқаратын экспедиция Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941–1945) ұрыстар өткен жерлерге барып, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің сүйегін іздестірумен айналысады.

1987 жылы құрылған «Саланг» клубының 2000-нан астам түлегі бар. Ол тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де зор беделге ие. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы клуб мүшелері көктем сайын Новгород облысына барып, ерлікке толы шайқас орындарында «Вахта памяти» акциясына қатысып келеді.

– Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Халықаралық «Вахта памяти» акциясы аясындағы ынтымақтастықтың тарихи мәні ерекше арта түсті, – дейді партия өкілдері.

1

Новгород облысында жүргізілген көпжылдық іздестіру жұмыстарының нәтижесінде «Саланг» клубының із кесушілері 1500-ден астам жауынгердің сүйегін тауып, жер қойнына тапсырды. Кейбір сарбаздардың есімі анықталып, олардың туыстары да табылған. Сонымен қатар, іздеушілер соғыс дәуіріне тиесілі 2000-нан аса жәдігер жинақтаған әскери қару-жарақ музейін ашқан. Музей мектеп оқушылары мен ересектер арасында зор қызығушылық тудырып, әр сапардан кейін жаңа экспонаттармен толығып отырады. «Саланг» түрлі марапаттарға ие болған. Ал Александр Азеговтың ерен еңбегі үшін оған Петропавл қаласының Құрметті азаматы атағы берілді, ол ел басшылығы тарапынан екі мәрте медальмен марапатталды. Айта кетерлігі, клуб ешқашан мемлекеттік қаржылай қолдауға сүйенбеген.

– Біз бұл игі істі шынайы жүрек қалауымызбен атқарып келеміз, – дейді Азегов.

2

«Саланг» клубының жұмысын халық ерлігін құрмет тұтатын жанашыр азаматтар қолдап жүр. Олар демеушілер тартып, із кесушілерге жолға билет алып беріп, экспедицияға ақпараттық қолдау көрсетеді. Солардың қатарында Қазақстан Халық партиясы да бар.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy