Қоғамдық қабылдау

Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтары құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан азаматтарға арналған қоғамдық қабылдау өткізді. Депутат-омбудсмен мұндай шараны айына бір рет ұйымдастыруды ұсынып отыр. Оның мақсаты – халықпен кері байланысты қамтамасыз ету және «еститін мемлекет» тұжырымдамасының тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Депутаттың айтуынша, азаматтар тарапынан біршама өтініш түсіп жатыр.

«Бізге азаматтардың санатын, мәртебесіне қарамастан, сөйлеп, өз пікірін білдіретін және жай ғана көмек сұрай алатын алаң қажет», - деп атап өтті ҚХП депутаты.

2

Ол айтылған мәселелерді ХӘОТ істері жөніндегі уәкіл және Парламент өкілі ретінде әділетті шешімге қол жеткізу үшін құзырлы органдарға: құқық қорғау құрылымдарына, Үкіметке, сотқа және т.б. жібереді. Қабылдау барысында әр түрлі мәселелер айтылды.

1

Кездесуге келгендердің тізімінде зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, ерекше балалардың ата-аналары бар. Көп балалы аналар мен ерекше күтімді қажет ететін баласы бар аналар зейнет жасын 58 жасқа қайтаруды сұрап отыр. «Spina Bifida» диагнозы бар балалардың ата-аналары медициналық көмектің сапасын арттыру қажет екенін және урология, нефрология және т.б. мамандардың тапшылығы туралы жеткізді: олардың балаларына урография және цистография сияқты жеке тексерулер қажет, алайда бұл қызметті алу үшін мамандандырылған ауруханалардағы ұзын-сонар кезекте тұру қажет (мұндай қызметтер тіпті ақылы негізде де жоқ). Одан бөлек екі азамат қылмыстық құқық бұзушылықты тергеу барысында құқығының бұзылғаны және медициналық мекемелердің пациентке тиісті мүгедектік тобын тағайындаудан бас тартуы туралы шағыммен жүгінді. Екеуін де құзырлы органдар бір-біріне сілтеп, сенделтіп қойған.

«Мемлекеттік органдардан тиісті қолдау ала алмағандар осында келді. Сондықтан мен өз өкілеттілігімнің шегінде оларға көмектесемін. Мен сындарлы ынтымақтастыққа дайынмын», - деп түйіндеді Сейтжан.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy