Қазақстан Халық партиясының ресми мәлімдемесі

dep.jpg

Құрметті қазақстандықтар!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі Заң мен Тәртіптің үстемдігі әділетті қоғамның негізгі көрсеткіштері екенін бірнеше рет атап өтті.

– Заң алдында бәрі тең, – деп мәлімдеді мемлекет басшысы. – Сот жүйесі азаматтардың сенімді қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Елдегі заң үстемдігінің сақталуы – халықтың сенімін нығайтады.

Соңғы күндері Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирноваға қатысты негізсіз жала мен ашық арандатушылық әрекеттер байқалуда.

Бұған дейін Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы Қазақстанда АҚШ, Австралия, Израиль, Қытай сияқты дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, «Шетел агенттері туралы» заң қабылдауды ұсынып, депутаттық сауал жолдаған еді. Ирина Владимировна көтерген бұл бастама әлеуметтік желілерде коммерциялық емес сектор өкілдері мен шетелдік гранттық қаржыландыру алатын басқа да ұйымдардың наразылығын тудырды. Олар өз тарапынан жалған ақпараттар таратып, ашық тіл тигізуге дейін жетті.

Бұл жағдайда еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс құзыретті орган – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің еш әрекет жасамауы таңғалдырады және наразылық тудырды. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес, осы салаға мониторинг жүргізу министрліктің тікелей міндетіне жатады. Алайда, министрлік заң аясында қажетті шараларды қабылдау орнына, жағдайға бей-жай қарауда. ҚР азаматы, блогер Арман Төлегенұлы Шұраев балағат сөздерді қолдана отырып, өз аккаунтында депутат Смирноваға қатысты намысын қорлайтын мазмұнда жазба жазып, кемсіту және ұлттық сипаттағы арандатушылық пікірлер жариялады.

Блогердің мұндай әрекетке баруы алғаш рет емес екенін атап өткен жөн. Бұған дейін де ол жиі өтірік пен арандатушылық сипаттағы ақпараттарды таратып, оның ішінде Қазақстан Халық партиясына да бағытталған шабуылдар жасаған болатын. Осыған дейін Қазақстан Халық партиясы Шұраевтың мінез-құлқын «ит үреді, керуен көшеді» деген ұстаныммен қабылдаса, бүгінде жағдай шектен шықты.

Әрине, кез келген адамның ар-намысына тию мүлде орынсыз әрекет, ал бұл жағдайда мәселені қиындатып отырғаны – қорлау, ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру заң шығарушы орган өкілі, депутат әрі әйел азаматқа қатысты болуы. Сонымен қатар, Шұраевтың әйелдермен «күресі» жаңалық емес. Былтыр блогер өз танысын ұрып-соғып, оған қатысты жарияланған видеода қызды аяғымен тепкілеп жатқан сәттер көрініс тапқан болатын.

Сонымен қатар, ескеретін бір тенденция – Шұраев түрлі шиеленістерге (КТК арнасындағы даулы әрекеттерінен бастап, ұлтаралық араздықты қоздыру, «Қазақстан Барысы» жобасындағы алаяқтыққа дейінгі оқиғалар) қатысы болса да, әрдайым жазаланбай қалады! Бұл Шұраевтың артында тұрған жоғары лауазымды қорғаушылары, сонымен қатар біздің елімізде сыртқы мүдделерді ілгерілету үшін қаржылық қолдау алып отырған тұлғалардың бар екенін дәлелдейді. Тиісті жазаның болмауы – еркінсуге жол береді. Біз бұл тенденцияны Заң мен құқық аясында өзгерте аламыз деп сенеміз.

Жаңа Қазақстанда мұндай әрекеттерге жол жоқ!

Осы ретте партия әділдікке қол жеткізіп, келтірілген залал үшін өтемақы талап ету мақсатында сотқа жүгінетінін мәлімдейді. Депутат Ирина Смирноваға қатысты заңсыз әрекеттер жазасыз қалмайды!

Қазақстан Халық партиясы


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy