Республиканың барлық аймағында атом электр станцияларын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың құрамында ҚХП өкілдері белсенді жұмыс істеуде. Штабтың облыстық филиалдарының құрамына ҚХП партиясының атынан қалалық және облыстық филиалдардың қызметкерлері кірді.
Үгіт-насихат тобының құрамындағы ҚХП Атырау облыстық филиалының өкілдері Х.Досмұхамедов атындағы Мемлекеттік университетінің ұжымымен кездесті. Жиынға қатысушылар отандық атом энергетикасын дамыту туралы өз ойларын ортаға салып, мемлекет басшысының бастамасын қолдайтындарын жеткізді.
Абай облысындағы Халықтық штабтың өкілі, ҚХП өңірлік филиалының басшысы Айдын Егеубаев әріптестерімен бірге Семей медицина университетінің оқытушыларымен және студенттерімен жүздесті. Жиынға 200-ге жуық адам қатысты. Шара барысында аймақтың болашағы үшін қауіпсіз әрі таза технологиялардың маңызы сөз болды.
«Атом электр станциясы елмізді ұзақ мерзімді, тұрақты, қауіпсіз электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе, ауруханалар мен емханалардың мен ондағы жабдықтардың жүйелі жұмыс істеуі үшін маңызды», - деді А.Егеубаев.
ҚХП мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Құсайынов Дүниежүзілік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры Әкімжан Арупов және Ядролық физика институтының нейтрондық физика зертханасының меңгерушісі Қуаныш Назаровпен бірге №17 орта мектептің және «Казлегпром-Алматы» ЖШС қызметкерлеріне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Олар жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, Қазақстанға атом электр стансасының не үшін қажет екенін халыққа түсіндірді. Ал, Шымкент қалалық филиалы әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық Халықтық штабтың өкілі Жұлдызай Асқарова О.Жандосов атындағы №30 мектеп ұжымымен кездесті.