Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар Бакуде өткен Азия парламенттік ассамблеясының (АПА) 15-ші отырысына қатысты. Жиынның негізгі тақырыбы Азиядағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтудағы парламенттік дипломатияның рөлін талқылау болды. Шараға 35 елден 280 өкіл қатысты. Жалпы, АПА құрамына 42 мемлекет кіреді. Ұйымның басты мақсаты – мемлекеттер арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту және бейбітшілікті нығайту.
Отырыста сөз сөйлеген Ислам Сұңқар өңірлік ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтіп, Қазақстанның көпвекторлы геосаясаты туралы айтты.
– Шығыс пен Батыс арасындағы «көпір» ретінде біз өңіріміздің күші – бірлік пен ұжымдық әрекетте екенін түсінеміз. Парламенттік дипломатия бейбітшілік пен диалог орнатудың құралы ретінде осы мақсаттарға жетуде маңызды рөл атқарады, – деді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, бұл дипломатия түрі саяси ерік-жігерді нақты іс-қимылға айналдыруға, келіспеушіліктерді жоюға және күрделі мәселелерге тұрақты шешім табуға мүмкіндік береді.
– Біз халық өкілдері ретінде ішкі саясатты қалыптастырып қана қоймай, шекарадан тыс ынтымақтастыққа да жағдай жасауымыз қажет. Азияда әртүрлі мәдениеттер, экономикалар мен саяси жүйелер қатар өмір сүретінін ескерсек, парламенттік дипломатия сенім мен өзара түсіністік орнату арқылы тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деп нақтылады И.Сұңқар.
Мәжілісмен кейінгі жылдары Қазақстан Азия елдерімен байланысын нығайтуға ерекше назар аударып, өңірдің ортақ мүдделерін ескеретін инклюзивтілік пен әріптестікті дамытуға күш салып жатқанына тоқталды.
– Азиядағы экономикалық теңсіздік, қауіпсіздік мәселелері немесе экологиялық тұрақтылық проблемалары – бір ғана елге тән емес. Бұл түйткілдерге бірлескен жауап қажет, – деді депутат.
Сөз соңында Ислам Сұңқар ортақ күш-жігер арқылы Азияны бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму алаңы ретінде сақтап қалуға болатынына сенім білдірді.