Эндаумент-қорлар мүгедектігі бар азаматтарды да қамти ма? Бұл сұрақты Мәжіліс депутаты, Қазақстан Президенті жанындағы әлеуметтік жағынан осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан көтерді.
Мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары мақсатты капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасын талқылады. Құжатта мұндай қорлар қаржыландыратын негізгі бағыттар көрсетілген: білім, ғылым мен инновация, бұқаралық спорт, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік қорғау және тағы басқа салалар.
Кенжеғұл Сейтжан Эндаумент-қорлардың қаражаты белгілі бір әлеуметтік бастамаларға бағытталуы мүмкін бе деген мәселені көтерді.
– Осы қор қаражаттарын инклюзияны қамтитын бұқаралық спортқа бағыттауға бола ма? Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар студенттер осы қорлардан қолдау ала ала ма? – деп сұрады депутат.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек заң жобасында спорт саласы кеңінен қамтылғанын, ал инклюзивті бағытқа шектеу жоқ екенін жеткізді.
– Білім беру саласында да мүгедектігі бар студенттерді қолдауға арналған эндаумент-қорлар құру мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ бұл әр оқу орнының өз шешімімен жүзеге асады, - деді министр.