Құрылыстағы заңсыздықты тоқтату – сыбайлас жемқорлықты тоқтату

Қала құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық қандай жолмен «жүреді»? Мәселенің мән-жайы Қазақстан Халық партиясы ұйымдастырған «Қала дерті» атты тікелей эфир сериясы барысында талқыланды.

ҚХП елордадағы нүктелі құрылысқа қатысты өзекті мәселелерді тұрақты әрі белсенді көтеріп келеді. Осы жолғы тікелей эфирдің кейіпкерлері партияға көмек сұрап келген «Тұмар» ТК тұрғындары болды. Қазір олардың тұрғын үй кешенінен 6 метр қашықтықта жаңа көпқабатты «Асыл тау»ТК салынып жатыр.

– Құрылыс салушы қоршауды тағы да 3 метрге жылжытып, қазаншұңқырды кеңейтті. Енді, бұл жерден өрт сөндіру көлігі өте алмайды. Өрттен шығу жолын жауып тастады. Бізге жедел жәрдем де келе алмайды, – дейді белсенді Бақытгүл Тасболатова.

Құрылыс жаңа басталды, алайда «Тұмар» ТК пәтерлерінің әйнектері жарылып, сылағы құлап жатыр.Үй маңындағы аумақта топырақ шөгіп, асфальт опырылуда. Тұрғындар ғимараттар салынғаннан кейін «Тұмар» ТК Пиза мұнарасының "қайғылы тағдырын" кешуі мүмкін деп қауіптенеді. Егер инженерлік желілерге түсетін жүктеме қаншалықты артатынын және оның салдары қандай болуы мүмкін екенін ойласаңыз, онда мәселенің қаншалықты ушығып тұрғанын түсінесіз.

– Бізде ғимараттың қасбеті Түркістан көшесі жағынан, 2-қабаттан 13-қабатқа дейін құлады. – Абырой болғанда, оқиға түнгі уақытта орын алды, ешкім зардап шеккен жоқ. Құрылыс салушы біздің үйді апатты жағдайға дейін жеткізу үшін барлығын жасап жатқан сияқты, – деді бастамашыл топ өкілдері.

«Тұмар» тұрғындары қайда бармады! Жарты жылда олар мемлекеттік және қадағалау органдарына 20-дан астам хат жазды. Олар тіпті, Мемлекет басшысына 2 рет хат жолдап, митинг ұйымдастыратындарын мәлімдеді. Тұрғындардың шағымдарына жауап ретінде шенеуніктер заң бұзушылықтар жоқ деген уәж айтты. Олардың сөзінше, құрылыс талаптары сақталады, жобалық-сметалық құжаттама орындалады, алаңдайтын ештеңе жоқ.

Тұрғындар қайда шағымданса да, "Қалалық орта сапасын бақылау басқармасына" жүгінуге мәжбүр болады. Ол тапсырыс берушінің жалғыз құрылтайшысы саналады.

Тағы бір мәселе – Түркістан, Алматы көшелері мен Мәңгілік Ел даңғылы және Сығанақ көшесі аумағындағы учаскеде шамадан тыс тұрғын тұрады. Бұл жерде тұрғын үй кешендері көп, ал тұрақ орындары тапшы, әлеуметтік инфрақұрылым да көңіл көншітпейді. 7 161 адамға (оның 3000-ға жуығы бала) 240 орындық 1 балабақша және оқу ақысы қымбат тұратын жеке мектеп бар. Егер, «Асыл тау» ТК ЖСҚ растайтын мемлекеттік сараптамаға сенсеңіз, онда барлығы дұрыс.

Қала билігі «Асыл тау» тұрғын үй кешенін салу қажеттілігін жосықсыз құрылыс салушылардан зардап шеккен үлескерлердің мәселесін шешумен дәйектеп отыр.

– Үлескерлердің мәселесін тұрғындар есебінен шешу дұрыс емес, – деп санайды іс-шараның модераторы, ҚХП төрағасының кеңесшісі Данияр Сабырбаев. – Бұл бір отты сөндіріп, екінші отты тұтату тәрізді. Құқықтанушы Болат Қасымов құрылыс салушылардың заңсыздығы жазасыздықтан туындап отырғанына сенімді.

– Заңсыз салынған құрылысты бұзып, құрылыс салушының есебінен залалды қалпына келтіруге қол жеткізу қажет. Егер, біз осындай прецедент жасасақ – болашақта көмегі тиеді – деді заңгер.

Бұған қоса, нүктелі құрылыс салу мәселесін шешу үшін сараптамалар мен рұқсаттарға қол қойған, заң бұзушылықтарға көз жұмған және заңсыз құрылысқа оң қорытынды берген мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерін жауапкершілікке тарту қажет.

– Әрбір бұзушылықтың артында нақты шенеуніктің тегі тұр, – деп атап өтті «Әділдік жолы» ҚБ директоры Дидар Смағұлов. – Ол жалақы алады, жауапты болуға тиіс. Бірақ өкінішке қарай, ешкім одан ештеңе сұрамайды.

Қазақстанның тұрғын үй құрылысындағы сыбайлас жемқорлық іс жүзінде жүйелі бола бастады, ал бұл қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің ушығуына әкеліп соқтырады.

Қазақстан Халық партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылымдар мен құқық қорғау органдарын қоғамдық бақылаудың мониторингтік тобын құруға («Қоғамдық кеңестер туралы» заң негізінде) және барлық құрылыстардың тиісті нормаларға сәйкестігіне мониторинг жүргізуге шақырады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy