«Серпін» түлектері оқыған өңірінде жұмыс істеуге неге құлықсыз?

ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы түлектерін жұмыспен қамту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған студенттер, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті КЕАҚ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің спикерлері, Петропавл қаласы бойынша «Еңбек ұтқырлығы» орталығының қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бағдарламаның басталғанына 10 жыл толды. Оның мақсаты – облыста сұранысқа ие педагогикалық, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша студенттерді мемлекеттік білім грантында оқытуды ұйымдастыру. Қазір осы бағдарлама бойынша Солтүстік Қазақстан облысында Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының жастары білім алып жатыр.

1

«Жоба елдің жұмыс күші тапшы өңірлеріндегі адам ресурстарын толықтыруға бағытталған. Ол студенттерді сапалы оқытуға, кейін жұмысқа орналастырып, түлектерді Солтүстік Қазақстан облысында қалдыруға бағытталған», - деп атап өтті жоба авторлары.

2014-2015 оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен облыстағы колледждерде аталмыш жобаны жүзеге асыру басталды. Осы уақыт аралығында оқу орындарын 1373 жас маман тәмамдаған. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, «серпіндіктердің» басым бөлігі қандай да бір себептермен Солтүстік Қазақстанда қалудан гөрі, туған жеріне оралуды жөн санайды. Бағдарлама аясында білім алғандардың 10 пайызы ғана өңірде тұрақтап қалды.

2

«Облыста бос жұмыс орындарының саны жеткілікті. Бірақ, жас мамандардың бос жұмыс орындарынан бас тарту мәселесі көбінесе баспана жетіспеушілігіне байланысты», - деп түйіндеді талқылауға қатысқандар.

Талқылау қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар аталмыш бағдарлама түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесімен барлық мүдделі тарап айналысуы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ облыста осы жылдар ішінде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың нақты тетігі әзірленбеген.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy