ҚХА Шығыс Қазақстан облыстық филиалында «Қауіпсіз мектеп» акциясы аясында партиялық бақылаудың қорытындысына арналған кеңейтілген дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Өскемен қалалық білім бөлімінің өкілдері, коммуналдық құрылымдардың қызметкерлері, ҚХП атынан сайланған мәслихат депутаттары және ата-аналар комитетінің өкілдері қатысты. Жиында өңірдегі мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы қорытындыланды.
Әдіскер Нұрлан Әубәкіровтің мәліметінше, мектептерге мониторингтің үш комиссиялық топ жүргізген. Оның құрамына білім бөлімінің қызметкерлерінен бөлек, «Қазэнергосараптама», жылу желілері, СЭБ, ТЖ басқармасының өкілдері мен депутаттар кірді. Партиялық бақылау барысында білім беру мекемелерінің қауіпсіздігіне басты назар аударылды: турникеттің, дабыл түймесінің және дауыстық ескертулердің болуы. Аталған құрал-жабдықтар барлық күндізгі оқу орынында бар. Шағын жинақты мектептерде техникалық себептерге байланысты орнатылмағандығы анықталды.
– Қалаға қарасты 50 мектептің барлығына ұсақ заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқау берілді, - деді Нұрлан Әубәкіров.
Қалалық СЭБ бөлімінің басшысы Салтанат Базарханова эпидемиологиялық бақылау кезінде анықталған заң бұзушылықтар туралы жан-жақты баяндап, бірқатарының бірнеше жылдан бері жойылмай келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ оларды түпкілікті жою үшін қаржы бөлінбей отырғанын да жеткізді.
– Атап айтқанда, кейбір мектептерде толық қоршау жоқ және асфальт жабыны тозған. Оған қоса бүкіл мектепте спорт залындағы киім ауыстыратын бөлмелерде душ кабиналары жоқ, дәретханаларда раковиналар жеткіліксіз, кейбір мектептерде химия кабинеттеріндегі үстелдер мен сорғыштарға су құбыры тартылмаған, – деп нақтылады Салтанат Базарханова.
Ал «Қазэнергосараптама» өкілдері мамандандырылған бөлмелерде электр қалқандарында ескерту жапсырмаларының болмауы мен электрдің жерге қосылмағаны сынды бұзушылықтарды анықтады.
Жылу желілеріне байланысты ешқандай ескерту болған жоқ. Барлық мектеп жылыту маусымына дайын және бәріне пайдалану актісі берілді. Депутаттар мектептердің жалпы дайындығы туралы баяндады: барлық жерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген, оқу кабинеттері қажетті құралдармен жабдықталған, жиһаздар белгіленген және бәрі оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай. Жалпы өңірдегі мектептер балаларды қабылдауға дайын.