Алимент – есеп пе, жауапкершілік пе?

dep.jpg

Алиментке қатысты «жақсы» статистика жасау үшін Әділет министрлігі тек қарызын мүлде төлемейтін, қасақана жалтарушыларды ғана есепке алуды жөн санағандай. Бұл пікірді Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов Үкімет сағатында айтты.

ҚХП бастамасымен өткен парламенттік тыңдау жеке сот орындаушылардың қызметін талқылауға арналды. Депутат өз сөзінде алимент өндіру мәселесі еліміздегі ең өзекті, бірақ әлі күнге түбегейлі шешілмеген проблемалардың бірі екенін атап өтті.

– Алимент қарызы мәселесін Қазақстан Халық партиясы бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Алайда оны шешудің орнына, Үкімет бұл проблеманы жасыруға тырысып, есеп жүргізу әдістемесін өзгертіп отыр, – деді Магеррамов.

Оның айтуынша, 2024 жылдың 9 айындағы ресми мәлімет бойынша, алимент бойынша 25 мыңнан астам проблемалық іс тіркелген. Жалпы қарыз көлемі – 43 миллиард теңге. Алайда жыл соңында бұл дерек күрт «жақсарып» шыға келді: енді небәрі 12 835 іс көрсетіліп, берешек 16,7 миллиард теңгеге дейін қысқарған.

– Бұл айырмашылық шынайы шешімнен емес, әдіс өзгергеннен туындап отыр. Яғни енді үш айда бір рет мардымсыз сома аударып отырған борышкерлер проблемалық тізімнен шығып қалған. Олар мәжбүрлеу шараларынан құтылып, ресми есепте жоқ болып отыр, – деп түсіндірді депутат.

Депутаттың айтынша, мұндай тәсіл алиментке мұқтаж балалардың шынайы санын жасырып отыр.

Магеррамов ҚХП бұған дейін бірнеше мәрте Мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынғанын атап өтті. Шет мемлекеттерде бұл тәжірибе сәтті іске асып жатыр. Бірақ бұл бастама Үкімет тарапынан әлі де қолдау таппай келеді.

– Мемлекет жыл сайын алимент істеріне қатысты шығындарға қомақты қаржы бөледі. Бірақ соған қарамастан, нақты нәтиже жоқ. Осындай шығындарға қарамастан Үкіметтің алимент қорынан бас тартуы – ақылға сыймайды, – деді ол.

Депутаттың пікірінше, бұл қор мемлекеттік бюджетке салмақ салмайды. Қаржы салықтық емес түсімдерден жиналып, кейін оны мемлекет қарызын төлеген борышкерлерден өндіріп алады. Ең бастысы – бала тұрақты түрде өзінің тиесілі ақшасын уақытында алып отырады.

– Қор құрыла қалса, бұл масылдыққа жол ашпайды. Керісінше, борышкерден мемлекет есебінен нақты түрде қайтарым алынады. Бастысы – баланың құқығы қорғалады, – деді депутат.

Сөз соңында Магеррам Магеррамов Үкімет ұсынып отырған қазіргі шешімдер нәтижесіз екенін айтып, түбегейлі жаңа әдістер қажет екенін жеткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy