Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев жұмыс сапарымен Көкшетау қаласына барып, облыс басшылығымен, мәслихат депутаттарымен және ҚХП жергілікті филиалының белсенділерімен кездесті. Сондай-ақ кездесу барысында партия қатарына жаңадан қосылған азаматтарға партия билетін табыстады.
Белсенділермен кездесу «Достар» мәдениет үйінде өтті. ҚХП басшысы партияның алдағы жоспары мен болашағына тоқталып, жаңа мүшелерін құттықтады. Онымен қоса, Халықтық штабтың өкілі ретінде АЭС құрылысы бойынша референдум тақырыбын көтеріп, қатысушыларға түсіндіру жұмысын жүргізді.
Бұған дейін ҚХП Қазақстан азаматтарына ресми үндеу жариялап, онда отандастарын отандық атом энергетикасының тағдырын шешуде дұрыс таңдау жасауға шақырған болатын. АЭС құрылысы елімізге энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізіп, заманауи технологияларды енгізуге және болашақ ұрпақтың лайықты болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«...Қазіргі таңда әлемнің түрлі елінде елуден астам атомдық энергоблоктар салынып жатыр. Егер бұл шынымен де тиімсіз және қауіпті болса, оларды ешкім салмас еді...», – делінген үндеуде.
«Достар» мәдениет сарайында сөйлеген сөзінде Ермұхамет Ертісбаев, алдағы уақытта елдегі энергия тапшылығын жою үшін және республиканың әлеуетін дамыту үшін елімізге кемінде үш АЭС қажет екенін айтты.
– Бір атом электр станциясы елді энергиямен толық қамтамасыз ете алмайды, бірақ ол қазіргі жағдайды айтарлықтай жақсартады, - деді ҚХП төрағасы.
Сондай-ақ партия басшысы, атом энергиясының қауіпі туралы әлеуметтік желілерде тарап жатқан бірқатар жалған ақпаратты жоққа шығарды. Ол өткен ғасырдың 70-жылдарында салынған ескі атом электр станцияларында болған ірі апаттар негізінен жобалық қателер мен адам факторы салдарынан болғанын еске салды.
– Бүгінде атом электр станцияларының технологиялары әлдеқайда қауіпсіз. Оның үстіне МАГАТЭ сияқты халықаралық ұйымдар барлық қажетті стандарттардың сақталуын жіті қадағалайды, – деді партия басшысы.
2024 жылдың 6 қазанында Қазақстанда тұңғыш атом электр станциясының құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді.