25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында қайғылы жағдай болды. Әзірбайжанға тиесілі әуе компаниясының Баку-Грозный бағытындағы Embraer 190AR ұшағы апатқа ұшырады. Алдын ала мәліметке сәйкес, ұшақ бортында 5 экипаж мүшесі мен 64 жолаушы болған. Оның ішінде Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан азаматтары бар. Ұшақтың артқы бөлігінде отырған жолаушылардың кейбірі аман қалып, Ақтау қаласындағы ауруханаларға жеткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен ұшақ апатын тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия оқиға орнына дереу ұшып барып, ұшақ апатының себептерін жан-жақты тексеруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына алғашқы көмек көрсету шараларын қабылдауға міндетті. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Астанадан Ақтауға медицина қызметкерлерін жіберуді тапсырды. Қазақстан үкіметі Әзірбайжаннан келген әріптестерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан Халық партиясы ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілейді.