Мақсатты капитал қорлары (эндаумент-қорлар) әлеуметтік осал азаматтарға нақты қолдау көрсетіп қана қоймай, еліміздің технологиялық дамуына да серпін бере алады. Мұндай пікірді Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан айтты.
Мәжілістің пленарлық отырысында «Мақсатты капитал қорлары туралы» заң жобасын талқылау кезінде депутат ерекше қажеттіліктері бар жандарға технологиялық тұрғыдан жүйелі қолдау керектігін алға тартты. Бүгінде бұл қажеттілік, негізінен, шетелдік құрылғылар арқылы өтеліп отыр. Ал мұндай техникаларға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын миллиардтаған теңге жұмсайды.
– Жоғары оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғыларды құрастыратын студенттік орталықтар ашуымыз керек. Бұл бір жағынан – студенттердің білімін нақты іске бағыттау болса, екінші жағынан – бюджет қаражатын ел ішінде игеруге мүмкіндік берер еді, – деді Сейтжан.
Отандық өндірістегі арнайы құрылғылар қазақстандықтардың өмір сапасын арттырып, «Made in Kazakhstan» брендімен жаңа технологиялардың өркендеуіне жол ашар еді.
– Facebook пен Apple сынды ірі компанияларды студенттер құрғанын ұмытпайық. Біз де өз жастарымызға сенім артуымыз керек. Олардың әлеуетін тек білім саласында ғана емес, нақты өндірістік және әлеуметтік жобаларда да барынша пайдалануымыз қажет. Мұндай бастамаларды қаржыландырудың тиімді тетігі – мақсатты капитал қорлары болмақ, – деп түйіндеді депутат.