Посткеңестік республикалар жануарлар арасында таралатын жұқпалы ауруларға қарсы бірлесіп күреспек. Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында биологиялық материал алмасу туралы келісім ратификацияланды. Құжатқа 2022 жылғы 20 мамырда Минскіде ТМД-ның бес елі: Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қол қойған.
«Келісімді ратификациялау тараптарға жануарлардың аса қауіпті ауруларының зертханалық диагностикасын жетілдіру және микроорганизмдердің (штаммдарының) ұлттық коллекцияларын толықтыру бойынша күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік береді», – деді Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Аманғали Бердалин.
Зерттеу деректері негізінде дәрі-дәрмек жасау, мал ауруларының диагностикасы мен емдеу жоспарланып отыр. Бұл мамандардың білімі мен біліктілігін арттыруға да септігін тигізбек. Сондай-ақ келісім аясында жануарлардың жұқпалы, аса қауіпті ауруларының таралуын болдырмауға және қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғауға бағытталған профилактикалық әдіс жүзеге асырылады.
ҚХП депутаты, Мәжілістегі Аграрлық комитеттің өкілі Ислам Сұңқар: «Қазақстан бұл Келісімнің талаптарын толық орындай ала ма?» деп сұрады. Себебі онда, арнайы аккредиттелген зертханалар арасында зертханалық зерттеулер немесе сынақтар жүргізу үшін сау, ауру немесе өлі жануарлардан жиналған биологиялық материалмен алмасу көзделген.
– Бұл ретте ең алдымен мынадай сұрақ туындайды: бізде мұндай зертханалар бар ма? – деп сұрады мәжілісмен. Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы елімізде мұндай бірнеше зертхана барын айтып, сендірді.
– Иә, бізде мұндай зертханалар бар. Ұлттық ветеринариялық зертханалар, анықтамалық зертханалар және т.б. Олардың 25-і аккредиттелген, - деді А.Бердалин.