Түркістан қаласына заң жүзінде ерекше мәртебе берілмек

dep.jpg

«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын таныстыру барысында Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары Түркістан облысында туризм инфрақұрылымын құруды және жергілікті тұрғындарды бала кезден өңірдің тарихи-мәдени мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді ұсынды.

Құжатты таныстыру кезінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ оған қаланың Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы да негіз болды. Одан қоса, шаһардың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі де бар.

«Заң жобасының негізгі мақсат-міндеті – Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру және жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану. Сондай-ақ, қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру», - деп түсіндірді вице-министр.

Құжатта Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер шеберлерінің шығындарының бір бөлігін бюджет есебінен өтеу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау сияқты ережелер қамтылған.

Осы ретте ҚХП депутаты Ирина Смирнова Түркістан облысындағы туризм инфрақұрылымын құру мәселесіне тоқталды.

«Туристтер қалада кем дегенде 2-3 күн тұрақтауы үшін ұзақ туристік маршрут құрастыру қажет. Бұл бір жағынан келушілердің қызығушылығын тудырса, ал екінші жағынан елдің туризм саласы үшін пайдалы болмақ», - деді Смирнова.

Сонымен қатар депутат, жергілікті мектептердегі оқу-тәрбие үдерісінің философиясын өзгертуді, атап айтқанда, оны рухани-мәдени тұрғыда дамуға бағыттауды ұсынды.

«Бүгінде Түркістан облысындағы білім беру саласы елімізде ең соңғы орында тұр. Сондықтан, бізге тәсілдерді өзгерту қажет», - деп атап өтті ол.

ҰЭМ вице-министрі бұл идеяны қолдады. Ол ұсынылған заң жобасында әр сала бойынша бейімдеуге болатын салалық тұжырымдамалар мен өңірді дамытудың кешенді жоспарлары бар екенін еске салды. Осы тұста Омарбеков, білім беру бағдарламасына өзгерістер енгізу мәселелерін Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің өкілдерімен бірге жұмыс топтарында талқылауды ұсынды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy