Мәжіліс депутаттары еліміздегі бау-бақша ұжымдарының мәселелерін зерттеуде. Аграрлық мәселелер комитетінде бағбандарға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктері талқыланған арнайы дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара қазіргі уақытта Комитет қарауында жатқан осы бағыттағы заң жобасын әзірлеу аясында ұйымдастырылды. Жұмыс тобына Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар жетекшілік етуде. Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленіп, еліміздегі саяжай және бау-бақша ұжымдарының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында бағбандардың өмір сүру жағдайын жақсарту, жол салу, сумен және кәріз жүйесімен қамту, сондай-ақ басқа да қажетті инфрақұрылым нысандарын салу көзделуде.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, бұл саладағы түйткілдерді шешу үшін 2024–2030 жылдарға арналған саяжай және бағбандық шаруашылықтарын дамыту жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатыр.
– Жол картасы аясында барлық жер телімдері түгенделіп, саяжай алқаптарының шекаралары нақты айқындалуда. Сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын жаңғырту қажеттілігі зерттелуде, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерде Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Облыс әкімдіктері сумен, электр қуатымен қамту және газ тарту секілді инфрақұрылым нысандарын салуға бюджеттен қаражат пен жер телімдерін бөлу мәселелерін қарастыруда. Сонымен қатар саяжай массивтерінде қауіпсіздікті арттыру және басқа да бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Біз бұл дөңгелек үстелді заң жобасы аясында нақты қандай бағытта жұмыс істеу қажет екенін анықтау үшін өткіздік. Бүгінгі таңда бағбандардың басты мәселелері – инфрақұрылым, тариф белгілеу, өнім өткізу жолдары және тағы басқа түйткілдер екені белгілі, - деп нақтылады Ислам Сұңқар.
Депутаттың пікірінше, Үкімет бекіткен Жол картасы барлық мәселені шешіп бере алмайды, бұл ретте заңнамалық қолдау қажет.
– Біз бұл заң жобасы аясында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бағбандық ұжымдарға толыққанды қолдау көрсетуі үшін қандай заңнамалық өзгерістер қажет екенін анықтауға тырысудамыз, – деп түйіндеді Ислам Сұңқар.