Атом энергетикасына қатысты жағдайды жақсырақ түсіну және халықпен кездесулерде өз көзқарасын дұрыс жеткізу мақсатында АЭС салу жөніндегі Халықтық штаб өкілдері ядролық сарапшылардан кеңес алды. Мұндай тренингтен ҚХП атынан штаб мүшесі атанған азаматтар да өтіп жатыр.
Мәселен, Жезқазғандағы облыстық Халықтық штаб мүшелері Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі ұсынған маман, Атом энергетикасының реакторлық құрылғыларын дамыту басқармасының басшысы Нұржан Мұхамедовтің дәрісіне қатысты.
– Тренингтің басты мақсаты – АЭС қызметі туралы барлық қажетті ақпаратты алу, – деді агитаторлар.
Ақмола облысында қалалық және облыстық мәслихат депутаттары әрі Халықтық штаб мүшелері ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас инженері Денис Зарвамен және ҰЯО Атом энергетикасы институты филиалы, сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзырет орталығының директоры Арман Миниязовпен кездесті. Кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан толық жауаптар алды.
– Бұл – атом энергетикасын дамытуға қатысты мәселелерді ашық талқылау мақсатында жасалған маңызды қадам, - деп түйіндеді штаб өкілдері.
Ал Ядролық физика институтында бас директордың орынбасары Евгений Ермаков, бас инженердің орынбасары Асхат Бекбаев және техника ғылымдарының кандидаты, инженер-энергетик Рамиль Ильясов Шымкент қалалық Халықтық штабының спикерлеріне арналған семинар-тренинг өткізді. Мұнда Қазақстандағы тұңғыш атом электр станциясының құрылысы және жалпы отандық атом энергетикасын дамыту тақырыптары талқыланды. Жобаның технологиялық және экономикалық аспектілері, сондай-ақ болашақ станцияның сенімділігі мен қауіпсіздігі жөнінде де айтылды.
– Елдегі электр энергиясына деген сұранысының артуы мен таза энергия көздеріне көшу жағдайында атом электр станциялары ең тиімді шешім болмақ. Заманауи атом электр станциялары экологиялық және өзге де қауіп-қатерді барынша азайтатын қатаң қауіпсіздік стандарттарына сай салынады, – деді семинар барысында сарапшылар.