Жастар АЭС құрылысын қолдайды

dep.jpg

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқар Астанада елордалық жастармен кездесу өткізіп, елімізде АЭС салудың барлық артықшылығын түсіндірді.

Басқа саяси партиялармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, ҚХП Халықтық штабтың құрамына енген болатын. Оның міндеті – халықты АЭС салуға қатысты референдумда дауыс беруге шақыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. ҚХП ең жас мәжілісмені студенттерге республикадағы атом өнеркәсібін дамытудың алғышарттары, осы саладағы халықаралық тәжірибе, заманауи атом электр станцияларының жоғары технологиялары мен қауіпсіздік жүйелері туралы айтып берді, сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

АЭС ел экономикасының өсуіне, өнеркәсіптің дамуы мен энергия тапшылығының алдын алуға септігін тигізеді.

– Бүгінде қолданыстағы жылу электр станцияларының 70 пайызы тозған. Сәйкесінше, жаңа нысандар салу қажет. Оған қоса қазір біз электр энергиясын импорттауға мәжбүр болып отырмыз. Ал бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне әсер етеді, – деп атап өтті Ислам Сұңқар.

АЭС құрылысы энергетикалық, экологиялық, кадрлық (сәйкесінше әлеуметтік), өндірістік және басқа да көптеген мәселені шешуге көмектеседі.

– Қазақстанда атом электр станциясын салу – объективті қажеттілік, - деп атап өтті Мәжілісмен.

Қазақстандықтар Чернобыль мен Фукусимада болған апаттарды еске алып, атом энергиясын қауіпті деп санайды. Алайда, екі станция да өткен ғасырдың 70-жылдары, яғни жарты ғасыр бұрын салынған. Бұл аралықта технология айтарлықтай дамып, оның құрылымында көп нәрсе өзгерді.

– Заманауи реакторлардың қауіпсіздік жүйесі үлкен апаттарды болдырмайды. Тіпті, адами фактордың алдын алуға да ықпал етеді, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Ислам Сұңқар Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті мүмкіндіктер бар екенін айтты. Нақтырақ айтқанда, еліміз уран өндіру бойынша көш бастап тұр, оны өңдеу технологиялары да бар. Оған қоса Ақтауда ядролық реакторды құру және пайдалану тәжірибесі бар және бірқатар ядролық реактор зерттеулер де жүргізілді, сондай-ақ республикада сала үшін мықты кадрлық әлеует жинақталған. Қорыта айтқанда, АЭС құрылысы Қазақстанды энергетикалық егемендікпен жеткізіп, экономиканың дамуына әсер береді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy