Қытай Халық Республикасының (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) Үрімші қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саяси партияларының форумы өтті. Оған әртүрлі елден 60 саяси партияның 200-ден астам өкілі қатысты.
Бірлескен даму жолы
Форум «Шанхай рухын ілгерілету және ШЫҰ тұрақты дамуына жәрдемдесу: саяси партиялардың міндеттері мен миссиясы» тақырыбында өтті. Айтулы шараның өту орны да кездейсоқ таңдалмаған: СҰАА ШЫҰ-ға мүше 8 мемлекетпен шектеседі және өңір логистикасында маңызды рөлге ие, ал ұйымның хатшылығы Шыңжан үкіметтік органдарымен белсенді ынтымақтастық қарым-қатынаста.
Ашылу салтанатында Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчао, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі және Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй, сондай-ақ ШЫҰ елдері делегацияларының өкілдері сөз сөйледі.
Өз сөзінде Лю Цзяньчао ШЫҰ-ның ширек ғасырлық серпінді даму кезеңі ұйымға мүше елдердің партияаралық ынтымақтастығының жандануымен ерекшеленетін маңызды кезең болғанын атап өтті. ҚКП-ның өзі ШЫҰ елдеріндегі 130-дан астам саяси партиялар және ұйымдармен тұрақты байланыс орнатқан.
– Қытай ШЫҰ саяси партиялары форумын тұрақты негізде өткізуді ұсынды. Бұл байланыс арналарының кеңеюіне, өзара байланысты жан-жақты дамытуға және ұйым аясында партияаралық саяси байланыстар желісін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді, – деді ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі.
Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП Комитетінің хатшысы Ма Синжуй өңірдің халықаралық саясаттағы ерекше рөлі мен маңызына тоқталды.
– Шыңжан Еуразия құрлығындағы «алтын дәлізді» қалыптастырып, Қытайдың батысқа бет алған ашық саясатындағы стратегиялық тірекке айналуға ұмтылып отыр, – деді ол.
ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев Форумды алда келе жатқан Тяньцзинь қаласындағы күзгі ШЫҰ Саммитіне апарар жолдағы «маңызды кезең» деп атады.
– Биылғы жыл ШЫҰ аясында «Тұрақты даму жылы» деп жарияланды. Бұл әсіресе, қазіргі әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер мен экологиялық сын-қатерлер жағдайында аса өзекті, – деп нақтылады Ермекбаев.
Көпполярлы әлемдегі жаңа бағыттар
Форум аясындағы басты идея – заманауи жаһандық сын-қатерлерге жауап беру жолында ортақ стратегия қалыптастыру болды. Бұл ретте саяси партиялар азаматтық қоғамның өзегі, демократияның тірегі әрі халық еркін білдіруші құрылым ретінде алдыңғы шепте тұруы тиіс деген ұстаным алға шықты.
Өз кезегінде, Шанхай ынтымақтастық ұйымы түрлі әлеуметтік жүйелері мен даму жолдары бар елдер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа моделін ұсынып отыр. Бұл модель өзара бірлікке, тиімді серіктестікке, инклюзивтікке және тәжірибе алмасуға негізделген. Форумға қатысқан делегациялар өкілдері атап өткендей, бүгінде ШЫҰ аясында өңірлік тұрақты дамуды ілгерілетуге бағытталған бірқатар бастамалар жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, кедейлікті жою, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, көлік инфрақұрылымының өзара байланысы сынды өзекті бағыттар қамтылуда.
— Бүгінде әлем терең де ауқымды өзгерістер кезеңін бастан кешіп отыр. Мұндай өтпелі сәттерде тығыз саяси ықпалдастық қажет, ал саяси күштер жаһандық саяси-экономикалық тәртіпті қалыптастыруда жауапкершілікпен әрекет етуі тиіс, — деді Беларусьтің Еңбек және әділет республикалық партиясының төрағасы Александр Хижняк.
«Единая Россия» партиясы Жоғарғы кеңесі бюросының жауапты хатшысы Денис Кравченко да өз сөзінде қазіргі әлемде әділ, демократиялық әрі өкілдігі жоғары көпполюсті халықаралық тәртіп орнатудың өзектілігін атап өтті.
— ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық Еуразия құрлығында қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастыруда маңызды тұғырға айналуы мүмкін, — деді ресейлік сарапшы.
Қырғызстан Коммунистер партиясы Орталық комитетінің төрағасы Ысқақ Масалиевтің айтуынша, кез келген елде саяси партиялардың белсенді қатысуынсыз әділетті халықаралық тәртіп құру немесе саяси, экономикалық және мәдени тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін емес. Оның бұл пікірін Өзбекстан Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының төраға орынбасары Мавлудахон Ходжаева да қолдады. Ол көпполярлы әлемдік тәртіп орнатуда ортақ мәміленің қажеттігін атап өтті.
— Әлемдегі геосаяси ахуалдың қарқынды өзгеруі ШЫҰ-ның тиімділігі мен рөлін арттыруға тың көзқарасты қажет етеді. Осыған орай, қалыптасып жатқан жаңа шынайылықтарды ескере отырып, ұйымның күн тәртібін қайта қарап, оның әлеуеті мен әлемдік саясат пен экономикадағы рөлінің артуына сай келетін жаңа бағыттарды айқындайтын уақыт жетті, - деді Ходжаева.
Өзара ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі
Форум жұмысына Қазақстаннан барған саяси партиялар да белсенді түрде атсалысты. Атап айтқанда, Қазақстан Халық партиясы атынан барған делегация құрамында партия төрағасының бірінші орынбасары Мирас Әукенов пен ҚХП Орталық аппараты бөлімінің жетекшісі, астаналық филиал басшысы Нұрдәулет Оразханов болды.
Шараға Қазақстан Халық партиясымен қатар Парламенттегі өзге де саяси күштердің – «Ауыл», «Республика», «Аманат», «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері қатысты. Қазақстандық делегация форумға жоғары дайындықпен келіп, өз ұстанымдарын нақты білдіріп, негізгі тақырыптар бойынша мазмұнды пікірлер мен ұсыныстар айтты. Бұл еліміздегі партиялардың ШЫҰ аясындағы халықаралық диалогқа қызығушылығы артып келе жатқанын және көпжақты әріптестікті нығайтуға ұмтылысын айқын көрсетеді.
Қазақстан Халық партиясы атынан сөз сөйлеген Мирас Әукенов форум ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, ШЫҰ-ның мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара құрметке негізделген алаң ретіндегі рөлі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті.
Форум аясында ҚХП өкілдері түрлі елден келген делегаттармен белсенді пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Әсіресе шетелдік әріптестердің партиялық жұмысты ұйымдастырудағы тәсілдері, қоғаммен байланыс орнату формалары мен жүзеге асырып жатқан бастамалары қызығушылық тудырды. Осындай ашық әрі мазмұнды диалог кәсіби байланыстарды нығайтуға жол ашып, Халық партиясының болашақтағы қызметінде тиімді тәжірибелерді енгізуге серпін берді.
– Бізде өзара ықпалдастықты тереңдетуге зор мүмкіндік бар екеніне сенімдімін. Бүгінде әлем терең трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Осындай сәтте қоғам мен саяси институттар арасындағы тікелей байланысты күшейту – аса маңызды, – деді партия төрағасының бірінші орынбасары Мирас Әукенов.
Қазастан Халық партиясы – Қазақстан Парламентіндегі социалистік бағыттағы саяси күш. Партия өкілдері әлеуметтік әділеттілікке, қуатты мемлекетке және әрбір азамат үшін тең мүмкіндікке негізделген дамуды қолдайды.
– Біз Қазақстанға өзіндік ерекшелігі бар қазақстандық социализм қажет деп есептейміз. Бұл – әділетті, құқықтық және әлеуметтік бағдарланған жүйе болуы тиіс, – деп түйіндеді Мирас Аукенов.
Қазақстан Халық партиясы Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдеріндегі барлық прогрессивті саяси күштермен ынтымақтастық орнатуға ашық екендігін және диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді. Партия Қытай Коммунистік партиясымен ұзақ уақыттан бері тұрақты байланыста. 2023 жылы ҚХП төрағасы Ермұхамед Ертісбаев (Қазақстандағы саяси партиялар арасынан шақырылған жалғыз өкіл!) «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы аясындағы шараға қатысқан еді. Жақында ғана Астанада ҚХП басшылығы мен Қытай Коммунистік партиясының Халықаралық бөлімінің орынбасары Чэнь Чжоу арасындағы ресми кездесу өтті. Кездесу барысында партиялық құрылыс, кадр даярлау, бірлескен форумдар мен сарапшылар алаңдарын өткізу мәселелері талқыланды.
– Біз социалистік партия ретінде Қытайдың модернизация моделін, әсіресе кедейлікпен күрес, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және халық билігін дамыту салаларындағы тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Біз ШЫҰ елдерінде де өзара тәжірибе алмасу, бір-бірімізден үйрену және әр халықтың дәстүрлі құндылықтары мен мәдениетіне құрметпен негізделген даму жолдарын таңдау үшін зор әлеует бар деп сенеміз, – деді Мирас Әукенов.
Сонымен қатар, ҚХП төрағасының орынбасары гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде бұл аспектінің өркениеттер арасында өзара түсіністік орнатудың кілті екенін баса айтты. Сондықтан партия ШЫҰ аясында бірлескен білім беру, жастар және мәдени бағдарламалар құру идеясын толықтай қолдайды және әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты модернизация мәселелері бойынша сарапшылар алаңын қалыптастыруға өз үлесін қосуға дайын екендігін білдірді.
– Партиялар арасындағы диалогты тереңдету арқылы біз әлемнің, тұрақтылықтың және дамудың мықты негізін қалыптастырып жатырмыз. Саяси партиялар конструктивті идеяларды жүзеге асырушы, қарапайым адамның мүддесін қорғаушы және әділеттілік пен өзара құрметке негізделген болашақты қалыптастырушы болуы тиіс, – деп түйіндеді Аукенов.
Нурдаулет Оразханов та саяси партиялардың ШЫҰ елдерінің бірлескен стратегиясындағы рөлін жоғары бағалады.
– Мұндай форматтағы кездесулер елдер арасында өзара сенімді нығайту үшін мықты негізді қажет етеді, және ортақ болашақты бірге құруды қамтамасыз етеді, – деп атап өтті ол.
Форум үш күн бойы қызу әрі мазмұнды өтті. Делегация өкілдері тек өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін ғана талқылап қоймай, Қытай Халық Республикасының бірқатар өнеркәсіптік нысандарын да аралап шықты. Қонақтар форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын, оның мазмұндылығын және логистика мен тақырыптарды таңдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінгенін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Қытайдың жоғары технологиялық кәсіпорындарын аралау, мемлекеттік саясаттың даму саласындағы нақты нәтижелерін көру ерекше әсер қалдырды.
– Бұл тәжірибе біз үшін өте құнды, және біз осында танысқан үздік тәжірибелерді өз жұмысымызда қолдануды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті ҚХП өкілдері.