Қазақстан Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын (ЕТДҚ) құру туралы 2009 жылғы 9 маусымдағы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттаманы ратификацияламақ. Бұл туралы шешім Мәжілістің жалпы отырысында қабылданды.
Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры – Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (ЕАЭО) мүше елдердің экономикалық және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған халықаралық қаржы ұйымы. Қордың қаржы ресурстарын Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) басқарады.
Қаралып отырған Хаттама Қорды дербес халықаралық ұйым ретінде қайта құруды көздейді. Бұл қадам мүше елдердің санкциялық тәуекелдерін бірлесіп еңсеруге, қаржыландыру кезінде ұлттық валюталарды (доллар мен еуромен қатар) пайдалануға, сондай-ақ қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге жол ашады. Қордың штаб-пәтері болашақта Астана қаласына көшіріледі (ол қазіргі уақытта Мәскеуде орналасқан).
Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, Қазақстан халық партиясының депутаты Ирина Смирнова бұл мәселе бойынша қосымша баяндама жасап, ЕТДҚ беретін несиелердің бағыттарын атап өтті.
– Қор несиелері бюджет тапшылығы мен төлем балансының дефицитін қаржыландырудағы алшақтықты жабуға, макроэкономикалық теңгерімсіздіктерді жоюға, құрылымдық және институционалдық реформаларды іске асыруға, сондай-ақ табиғи апаттар сияқты экономикалық емес сипаттағы төтенше оқиғалардың салдарын еңсеруге бағытталады, – деді депутат.
Оның айтуынша, инвестициялық несиелер көлік, энергетика, су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салалардағы инфрақұрылымды дамытуға бөлінеді.
Аталған Хаттаманы қабылдау туралы заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенаттың қарауына жолданды.