Қазақстан Халық партиясының белсендісі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Халықтық штаб өкілі Бейбіт Құсайынов еліміздегі АЭС құрылысы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Осы ретте Алматыдағы жедел медициналық жәрдемнің No7 қосалқы стансасының қызметкерлерімен, «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС, «Айсмастер-Айс Крим компаниясы» ЖШС еңбек ұжымдарымен, сондай-ақ «Ялян» сауда орталығының кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Әр жиында Халықтық штаб мүшелері еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС салу маңызды екенін жан-жақты түсіндіріп, жобаның негізгі экологиялық және экономикалық аспектілерін нақтылап өтті.
– Кездесулерде атом энергетикасының қауіпсіздігі мәселесіне және референдумның өту процесіне ерекше назар аударылды. Бүкілхалықтық референдум азаматтарға еліміз үшін стратегиялық маңызы бар шешімге қатысты өз пікірін білдіруге мүмкіндік береді, – деді депутат Құсайынов.
Талқылау барысында барша қатысушы тақырыпқа ерекше қызығушылық танытты. Олар еліміздегі атом энергетикасының болашағына қатысты сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салды.
– Еңбек ұжымдарымен өткен кездесу қоғамдық талқылаудың және барлық азаматтың пікірін ескерудің маңызды екенін растады, – деп түйіндеді ұйымдастырушылар.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 6 қазанында АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық республикалық референдум өтеді.