Мектептердің тәрбиелік миссиясы заңнан тыс қалды ма?

dep.jpg

«Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа заң жобасында білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысына қатысты жауапкершілігі әлсіреп кетпей ме? Бұл сұрақты Мәжілістегі ҚХП депутаты Ирина Смирнова көтерді.

Құжаттың таныстырылымы барысында депутат жаңа нормаларға сәйкес білім беру саласы ерекше жағдайда қалып отырғанын атап өтті.

– Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу туралы бапта жауапты ретінде ата-аналар, өзге де заңды өкілдер, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және басқалар аталады.Бірақ осы жерде неге екені белгісіз, білім беру ұйымдары аталып өтпеген. Олар да баланың тәрбиесіне қатысады емес пе?, – деді Ирина Смирнова.

Депутат мұндай көзқарастың алаңдаушылық тудыратынын жасырмады.

– Сонда мектептер, балабақшалар мен колледждер бала тәрбиесіне жауапсыз болып қала ма? – деп сұрады ол таңданысын жасыра алмай.

Заң жобасын әзірлеуші тараптың өкілі, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл алаңдаушылыққа жауап бере отырып, білім беру саласындағы уәкілетті органдардың (Оқу-ағарту министрліктері мен оларға қарасты құрылымдар) жауапкершілігі заң жобасында өзге нормалармен нақты көрсетілгенін айтты.

– Бұл мәселе құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жеке бөлімде жан-жақты қамтылған. Яғни бұл саладағы бұрынғы жауапкершілік толығымен сақталған, – деді вице-министр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy