Заң – баршаға қолжетімді болуы керек

dep.jpg

«Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды». Алайда заңнамалық ақпаратты барша азаматтарға, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар жандарға да қолжетімді ету – әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселе. Бұл түйткіл Мәжілісте «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа заң жобасын таныстыру барысында көтерілді. Мәселені ҚХП депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан ортаға салды.

Депутат Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеханың заң жобасында құқықтық ақпаратты тарату жайында айтқанын еске салып, нақты сұрақ қойды:

– Бұл ақпарат мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді бола ма? Мысалы, көру қабілеті нашар адамдар үшін Брайль қарпімен берілген материалдар қажет. Мұндай форматтар ескерілген бе?, - деп нақтылады депутат.

Игорь Лепеха бұл мәселе заң жобасында құқықтық түсіндіру, тәрбиелік және насихат жұмыстарын жүргізуге құзырет берілген уәкілетті органдардың құзырына жататынын айтты.

– Бұл заңда мұндай жекелеген мәселелер егжей-тегжейлі жазылмайды. Олар министрлік бұйрықтары, Үкімет қаулылары сияқты салалық нормативтік-құқықтық актілер арқылы реттеледі. Заңда тек жалпы құзыреттерді бекітеміз, – деді вице-министр.

Алайда мұндай жауап депутат-омбудсмен Кенжеғұл Сейтжанды қанағаттандырмады. Себебі нақты нормалардың болмауы мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарының ескерусіз қалуына жиі алып келеді. Оның айтуынша, заң әзірлеушілер бұл мәселені ескеруге міндетті.

Депутаттың уәжін тыңдағаннан кейін, Игорь Лепеха бұл ұсынысты жұмыс тобының талқылауына енгізуге келісті.

– Барлық азаматтарға ақпараттың қолжетімді, түсінікті форматта ұсынылуы тиіс екені жайлы жалпы норманы енгізуге болады. Мұндай сілтемелі норма енгізуге болады деп есептеймін, - деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy