Қазақстан Республикасының Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтерін әлеуметтік қамтамасыз ету туралы

dep.jpg

ҚР Премьер-Министрі

Ә.А.Смайловқа

                                        ДЕПУТАТСКИЙ ЗАПРОС
                                    Құрметті Әлихан Асханұлы!

«Қазақстан Халық партиясы» депутаттық фракциясы 2022 жылғы 12 қазанда ДЗ-286 депутаттық сауалымен өртке қарсы қызмет саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту туралы мәселелерді көтерген болатын. Алайда 2024 жылы Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына жасаған сапары аясында біздің фракцияның өртке қарсы қызмет саласы қызметкерлерімен болған кездесуі нәтижесінде бұрын көтерілген көптеген проблемалық мәселелердің әлі күнге шешімін таппағаны анықталды.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты ТЖМ құрылымдары қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар сындарлы ұсыныстармен бірге депутаттық сауалды қайта жолдаймыз:

– өртке қарсы қызмет саласы қызметкерлері мен құтқарушылардың жалақысын көтеру;

– өртке қарсы қызмет қызметкерлеріне тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы тағайындауды қарастыру;

– 10 жылдан астам уақыт бойы өзгермеген коммуналдық қызметтер үшін қосымша ақыны көтеру;

– полиция және мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің үлгісі бойынша құтқарушылардың зейнетке шығу жасын төмендету. Қазiргi уақытта құтқарушылар азаматтық қызметшiлер ретiнде 63 жасқа толғаннан кейiн зейнеткерлiкке шығады, бұл қауіпті өрт кезінде, су астында және биiк таулы жағдайларда ерекше мiндеттердi орындауда қиындықтар мен шектеулерге әкеп соғады;

– мемлекеттік өртке қарсы қызмет пен құтқарушылардың санын ұлғайту;

– құрылыс кезіндегі жобалау-сметалық құжаттама кезеңінде, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді, өнеркәсіптік және әлеуметтік объектілерді және көп адам шоғырланатын өзге де ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде өртке қарсы қызмет маманының міндетті түрде қатысуын енгізу;

– жергілікті атқарушы әкімдіктермен мемлекеттік емес өртке қарсы құралымдар құру жөніндегі бірлескен жұмысты күшейту;

– автопарктер мен мемлекеттік өртке қарсы қызмет ғимараттарына жедел жаңарту жүргізу. Сондай-ақ азаматтық қорғаныс заттарын жаңарту, ТЖМ құрылымдарын арнайы техникамен және басқа да қажетті жабдықтармен толық көлемде қамтамасыз ету.

Сіздің 12.10.2022 жылғы депутаттық сауалымызға берген жауабыңызға сәйкес, өрт сөндіру деполары мен құтқару станцияларының басым құрылысының жоспарын іске асыру шеңберінде 2022 жылы азаматтық қорғау органдарының 20 нысанының (17 өрт сөндіру депосы және 3 құтқару станциясы) құрылысы басталуы тиіс еді. Өртке қарсы қызмет жұмысымен танысқан кезімізде біз бірде-бір жаңа депоны көрген жоқпыз.

Депутаттық сауалдың әрбір тармағы бойынша толық жауап беруіңізді, сондай-ақ автопарк пен мемлекеттік өртке қарсы қызмет ғимараттарын жаңарту жоспарын іске асыру мерзімін көрсете отырып, қоса ұсынуыңызды сұраймыз.

№1 қосымша

Приложение 1

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева