ҚР Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Біздің депутаттық сауалымыз жергілікті биліктің, әкімдіктердің өздеріне сеніп тапсырылған ауылдық елді мекендердің тұрғындары алдындағы жауапкершілігі туралы болмақ.
Бұған жақында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы кентінің тұрғындарымен кездесу себеп болды.
Азаматтар елімізде барлық деңгейде және барлық жерде әділеттілік салтанат құратынына қатты сенеді. Алайда, олардың осындай сенімі мен күш-жігері селолық, аудандық және облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің немқұрайлы жұмысын көргенде жоғалып жатқандай көрінеді.
Ауылдың ішін аралап көргенде күйзелісті жағдайға тап болып, басыңды шайқайсың. Кентте жолдар жоққа тән, айнала қазылып кеткен жолдар мен ойдым-ойдым шұңқырлар, құрылыс қалдықтарынан бастап малдың қиына дейін үйіліп жатқан қоқыстар. Бір айта кететіні, қоқыс шығарылмаған соң тұрғын үйлердің іргесі мен ауыл маңынан ағатын әп-әдемі өзеннің бойының бәрі қоқыстан аяқ алып жүргісіз күйге келген. Барлық маңайда қираған құрылыстар, күтім көрмеген аумақтар.
Қоғамдық аумақтарда жарық жоқ. Ауызсумен және оның сапасына байланысты проблемалар да жетіп артылады.
Кәріз жүйесінің жұмыс істемеуіне байланысты, аурухананың кәріздік ағындары жер бетіне шығып жатыр. Тұрғындардың өздері арық қазып, қауіпті қалдықтарды ағызып, сасық иістен құлытуға әрекет жасауда, ал әкімдік қызметкерлерінің бұл жағдаймен ісі жоқ!
38 мың тұрғынның мәдени демалуы мен балалардың дұрыс өсіп-жетілуі, дамуы үшін ешқандай мүмкіндіктің болмауы жан ауыртады.
Клуб пен мәдениет үйі жоқ, дене шынықтыру-сауықтыру қызметін атқаратын нысан мен спорт алаңы дегендерді атымен көрмейсіз. Мысалы, № 1 мектепте футбол алаңы күтім көрмеген, жасанды көгал қиындыларымен жабылған, алайда басқасы жоқ болғандықтан бар бала сол жерде ойнайды.
Бір кездері қуатты қалашық болған шұға комбинатының ғимараты, оның үлкен аумағы, алдындағы саябақ түгел қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеткен. Кезіндегі керемет мәдениет үйі қираған. Алайда, осы объектілердің иелері оларды ретке келтіруге асықпайды.
Бұны тұрғындардан басқа талап етіп жатқан да ешкім жоқ.
Дәл осы күнде инерттi материалдар әзiрлеп, жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындар тек экологияға зиян әкелгені болмаса, Қарғалы қаласының дамуына да ешқандай көмек көрсетпейдi.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық тазарту бойынша осы мәселелердің барлығы кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің құзыретіне жатады.
Егер әкімдер өз ісіне жауапты болса, онда неге елді мекенді осындай жағдайға жеткізуге жол берген, неге өз міндеттеріне немқұрайлы, жауапсыз қарайды? Облыс әкімдігіне осы мәселені шұғыл қарауды және жоғарыда аталған проблемаларды жойып, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы кентінде тәртіп орнатуға бағытталған тиісті шаралар қабылдауды ұсынамыз!
Қысқа мерзім ішінде жағдайды жақсы жағына қарай күрт өзгерту керек!
Жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, оларды болашақта болдырмауға бағытталған тиімді шараларды жүйелі негізде қабылдау керек! Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы кентінде тәртіп орнатылсын!
Бізде бар белсенді азаматтардың тізімін ескере отырып, мемлекеттік органдар мен кент белсенділеріне бірлесіп кентті дамыту бағдарламасын айқындау бойынша штаб құруды ұсынамыз.
Депутаттық сауалға біз облыс әкімдігіне, министрліктер мен ведомстволарға арналған ұсыныстарды қоса береміз.
Экология министрлiгi, табиғат қорғау прокуратурасы ауылда ағып жатқан өзеннiң жай-күйi мәселелерiн қарасын, оның ластану көздерiн анықтасын және оларды жойсын, кәрiз тұндырғыштарының жай-күйi мен олардың қоршаған ортаға әсерiн анықтасын.
Табиғат қорғау прокуратурасы бұрынғы камвольдік-шұға кәсіпорнының ғимараттары мен аумағын қоқыс полигоны ретінде пайдаланудың заңдылығын және қоршаған ортаны қорғау мен адамдардың денсаулығына әсер ету тұрғысынан оның жалпы жай-күйін тексерсін.
Төтенше жағдайлар министрлігі кентте өрт сөндіру депосын орналастыру, қазіргі уақытта жоқ барлық өрт сөндіру жүйесін ұйымдастыру мәселесін қарастырсын.
Облыс әкімдігінің тексеру комиссиясына Қарғалы кентінің сапалы жұмыс істеуі үшін салық төлеушілердің қаражатын, бюджет қаражатын пайдалануды, сапалы жолдармен қамтамасыз етуді, жарықтандыруды, қоқыс шығаруды және т.б. тексеруді ұсынамыз.
Iшкi iстер министрлiгi учаскелiк инспекторлардың сенiп тапсырылған аумақтағы жеке аумақтар мен ғимараттарды ұстау тәртiбiн қамтамасыз ету және талаптарды орындау жөнiндегi атқарып отырған жұмыстарына тексеру жүргізсін.
Алматы облысының әкімдігі «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде кентті мәдени-демалыс мекемелерімен, олардың сапалы жұмыс істеуімен қамтамасыз ету мәселесін қарасын.
Азаматтарды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі қаралсын.
Мектеп аумақтары мен олардың жанындағы спорт алаңдарының жай-күйi мәселесi тиянақты тексерілсін.
Кент тұрғындарының таза ауызсуға қол жетімділігін тексеру міндеттелсін, бұл қазіргі уақытта іске асырылмай келеді.
Алматы облысының әкiмдiгi Қарғалы кентiн дамытуға жұмсалатын қаржылық шығындарды растайтын құжаттармен қоса, кенттi дамыту жоспарын әрбiр позициясын ашып көрсете отырып ұсынсын.
Құрметті Премьер-Министр, шұғыл өзгерістер жасап, Қазақстанды сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі әділетті елге айналдырайық!
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева