Қазақстан Республикасы Ғылым
және жоғары білім министрі
С.Нұрбекке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Саясат Нұрбек!
Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апаттарды азайту жөніндегі міндеттерді іске асыру тетіктерінің бірі ғылым болып табылатынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша: "Қазіргі су тасқыны кезінде біз елімізде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығын ерекше сезіндік. Біз бұрынғы ғылыми әлеуетіміз бен инфрақұрылымымызды жоғалттық".
Жақында ғана жарияланған ресми деректерге сәйкес су тасқынынан 70-ке жуық елді мекен зардап шекті, олардың басым көпшілігі ауылдық жерлердегі үйлер.
Мемлекет басшысы қойған міндеттер ауылдық квота бойынша жалпы білім беретін гранттар бөлу арқылы шешілуі мүмкін деп есептейміз. Өйткені, ауылдық квота - бұл ауылдық жерлерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша ауыл мектептерінің түлектері үшін арнайы бөлінген грант.
Біз Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінен ауылдық квота бойынша мемлекеттік тапсырыстарға қатысты, игерілген бюджет қаражатының саны және ауылдық жерлерде өз гранттарын өтеп жүрген студенттер саны туралы ресми деректерді сұратқан едік.
Министрлік ұсынған деректерге сәйкес, 2021-2023 жылдары ауылдық квота шеңберінде 7771 адам оқуын аяқтады, оның ішінде 2606 адам ауылдық жерде жұмыс істейді, ал 3601 адам «Білім туралы» Заңда белгіленген шарттарға сәйкес міндеттемелерін орындаудан босатылды. Мемлекет алдында қарызы бар 1564 адамның ішінен тек 36 адамға ғана қатысты сот шешімі шыққан.
Алынған деректер құзыретті органның бюджет қаражатының қайтарылуына жанашырлық танытпай отырғанын куәландырады. Ұсынылған деректерге сүйенсек, 1528 адамның мемлекет алдында берешегі бар екенін ескере отырып, тек үш жыл ішіндегі берешектің жалпы сомасы бір адамды оқытуға жұмсалатын ең төменгі шығын көлемімен санағанның өзінде, шамамен 3 миллиард теңгеден астам сома болуы мүмкін.
Аталған тұлғалардың берешегін өндіріп алу процесінің осыншалықты созылуына не себеп болып отыр?
Сонымен қатар, құзыретті орган ауылдық квота бойынша грант алған және оқуын аяқтаған тұлғалар бойынша ғана статистикалық деректерді ұсынды. Ал ауылдық квота бойынша грант алған және оқуын аяқтамаған адамдар туралы не айтуға болады? Мұндай азаматтардың жалпы саны қанша және олардың мемлекет алдында қанша сомада берешегі бар?
Депутаттың ресми сауалына қарамастан, құзыретті органдар ауылдық квота бойынша гранттарды өтеу жөніндегі ағымдағы берешек туралы мәліметтер бермеді.
Аталған тұлғалардан берешек сомасын дер кезінде өндіріп алу университеттер мен зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын қалпына келтіруге, өңірлік ЖОО базасында инженерлік мектептер құруға, сондай-ақ өңірлік ЖОО-ларды дамытуға қосымша қаражат бөлуге оң ықпал етер еді. Ең бастысы, шетелдік білікті мамандар мен ғалымдарды тарту үшін, сондай-ақ шетелдік озық зерттеу орталықтарында біздің ғалымдардың тәжірибесімен алмасу үшін қаражат бөлуге болар еді.
Екінші мәселе бөлінген қаражаттың игерілмеуіне қатысты.
2021 жылы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін білім беру бағдарламалары бойынша оқуға арналған азаматтар үшін ауылдық квота бойынша гранттардың 16% -ы, 2022 жылы 35% -ы, 2023 жылы 26% -ы игерілмей қалды. 2021 жылы талапкерлердің 32%-і, 2022 жылы 27%-і, 2023 жылы 23%-і шекті балл жинай алмаған немесе ауылдық квотаға кірмейтін мамандықтарды таңдаған. Бұдан келіп шығатын қорытынды, талапкерлер ауылдық квота бойынша гранттар үшін бөлінген мамандықтарды таңдамайды. Алайда, бұл мамандықтардың қоғамдық маңыздылығы және олардың ауылдық жерлерде сұранысы үнемі өсуде.
Осы орайда, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін білім беру бағдарламаларына түсуге талапкерлерді тарту және ынталандыру үшін уәкілетті орган қандай шаралар қолдануда?
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атап өткендей, «жасыл» энергетика, климаттың өзгеруі, су ресурстарын сақтау кадрларына деген сұраныс қарқынды өсіп келеді. Сондықтан, біз инженерлік-техникалық мамандықтар, метеорология және статистика бойынша гранттарды қоса отырып, ауылдық квота бойынша білім беру бағдарламаларының тізбесін кеңейту қажет деп санаймыз. Біздің ойымызша, мұндай әрекеттер мемлекет пен ғылымның өзара іс-қимылын қалыптастыруға, катаклизмдермен күресу үшін алдын алу шараларын қабылдауға көмектесер еді.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева