ҚР Премьер-Министрі
Ә.А.Смайловқа
ДЕПУТАТСКИЙ ЗАПРОС
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Елімізде әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың саны күн сайын артып келеді. Осындан бір жыл бұрын Мемлекет Басшысы: «Халықтың әл-ауқатын көтеру мен табысын арттыру басты міндетіміз», – деп Үкімет алдында нақты талап қойған болатын.
Қазақстанның басты әлеуметтік проблемаларының бірі - кедейліктің жоғары деңгейі. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халық саны, рекордтық көрсеткіш, 1,1 миллион адамды құраған. Бұл адамдардың табысы 50 мың теңгеден де аз, олардың тек жартысына ғана атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Мен бұған дейін атаулы әлеуметтік көмекті алып тастап, отбасындағы бала санына қарамай, әр балаға жеткілікті нақты көлемде бірыңғай жәрдемақы тағайындауды ұсынған болатынмын. Бізге көпбалалы отбасылардың толық қамтамасыз етілгендігі туралы айтудың қажеті жоқ! Осы жылы 1 балаға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейді деп жар салып жатырсыздар, ал іс жүзінде небәрі 970 теңге ғана қосқан! Айтыңыздаршы, күніне 477 теңгеге бір баланы асырауға болады ма?
Халық жыл сайын тұтынушылық несиеге батып барады. Егер адам азық-түлік сатып алу үшін несие алатын болса, бұл Үкіметтің әлеуметтік қолдауының көрсеткіші өте нашар екендігін білдіреді.
Жыл басынан бері, еліміздегі әлеуметтік мәселелерді реттеу үшін арнайы 7 депутаттық сауал жолдадым. Олардың барлығы әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың табысын арттыру, өмір қиындығын көріп жүрген көпбалалы аналарды тығырықтан шығару еді.
Бірақ, біз баяғыша мардымсыз «отписка» жауаптар алып келеміз. Иә, Үкіметтің қауқары, не болмаса қаржысы жоқ шығар, дегенмен, проблеманы шешу сіздердің тікелей жауапкершіліктеріңіз!
Әр Пленарлық отырыста депутаттар халықтың өзекті тұрмыстық мәселелерін баяндайды. Тек қана айтып қана қоймай, жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешіп жатыр. Табиғи ресурстарға бай елде тұрып, халқымыз қарапайым мәселелерге тап болуда: су жоқ, жарық жоқ, газ жоқ, жылу жоқ, ақша жоқ... Үкіметтің жауаптарына қарасақ, бұл фактілер орындалу сатысында «шешіліп, бақылауға алынып, қарастырылып жатыр». Алайда, күнделікті жаңалықтарда, әлеуметтік желілерде және өңірлерді аралау кезінде өз көзімізбен басқа жағдайды көрудеміз. Іс жүзінде бүкіл ел күндерін әрең көріп жүр!
Мысалы, Маслоу пирамидасын қарайтын болсақ, ең төменгі сатыда негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру тұр, яғни ол тамақ, баспана, қауіпсіздік. Бұл қажеттіліктерді өтемейінше, біз алға жылжымаймыз. Баспана – ең бірінші қажеттіліктің бірі! Ал қаншама адамдар жылдап кезекте тұрып, сол несиеге алынатын үйді армандап жүр. Мемлекет басшысы 2019 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 3 жыл ішінде кезекте тұрған 30 мың көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету деген тапсырма берген. Нәтижесінде, Үкімет, Президент тапсырған 30 мыңның тек 33%-ын ғана қамтамасыз еткен, 4 жыл ішінде 9774 көпбалалы отбасы несиеге үй алған. Еліміздің белсенді өсіп келе жатқан халқына бұл несиелеудің көрсеткіштері өте төмен. Қазір тұрғын үй кезегінде 114 559 көп балалы отбасы тұр. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларды қайта қарастырып, несие алу рәсімдерін жеңілдетіп, қойылатын талаптарды азайту керек. Мені таңғалдыратын екі талап бар: табыстың жоғары деңгеде болуы және тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы. Егер бұл азаматтар - аз қамтылғандардың қатарынан болса, табыстың қандай жоғары деңгейі туралы айтуға болады. Өз баспанасы жоқ адамнан қалай жергілікті жерде тіркеуі болуын талап ете аламыз?
Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, келесі шараларды қарастыруды ұсынамыз:
Мемлекет Басшысының кедейлікке қатысты берген тапсырмалары аясында мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан реформалардың барысы, қандай іс-шаралар жоспарланып, енгізілетіні туралы, қазіргі уақытта қандай шаралар қабылданғандығы туралы толық ақпарат беру;
жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік осал топтарды ерекше бақылауға алып, жергілікті деңгейде тиісті көмек көрсету;
Үкімет халықтың әлеуметтік осал топтары санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін, әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді сатып алу рәсімін жеңілдету үшін және қарыз алушыларға бюрократиялық жүктемені азайту үшін қандай шаралар қолданып жатқандағы туралы ақпарат беру. Тұрғын үйді сатып алудың баламалы тетіктерін енгізуді қарастыру;
– атаулы әлеуметтік көмекті алудың тетіктері әділетсіз бекітілген. Осы мәселені жан-жақты қарастыратын уақыт келді деп есептейміз. Әр балаға ай-сайын алатын жәрдемақы көмегін қарастыру қажет.
Жауапты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша түрде ұсынуды сұраймыз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева