«Азаматтардың психикалық денсаулығының бұзылуын ерте жастан анықтау туралы»

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрінің орынбасары

Т.Б.Дүйсеноваға

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Тамара Босымбекқызы!

Әлемде шамамен 1 миллиард адам психикалық денсаулығының бұзылуынан зардап шегеді, бұл дегеніміз планетаның әрбір 8-ші тұрғыны.

Дегенмен, психикалық денсаулық – денсаулық сақтаудың да, басқа да әлеуметтік қызметтердің де назарынан тыс қалған аспектілерінің бірі болып отыр.

Бұл мүгедектіктің көбеюіне әсер етіп, осындай мәртебеге ие азаматтардың қоғамға бейімделмеуіне кедергі келтіреді.

Көптеген неврологиялық және психиатриялық аурулар бала өмірінің алғашқы жылдарында басталады. Жыл сайынғы статистикалық есептерге сәйкес, аутизм спектрі бұзылған балалар санының артып келе жатқаны байқалады. Сондықтан психиатр мен невропатологтың психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (бұдан әрі-ПМПК) жағдайында кешенді психологиялық-медициналық – педагогикалық тексеруге қатысуы бұзушылықтарды уақтылы ерте диагностикалаудың және тәуекел тобындағы балаларды анықтаудың маңызды шарттарының бірі саналады (тірек-қимыл аппаратының бұзылуы, есту, көру, интеллектуалдық жеткіліксіздік, аутизм спектрінің бұзылуы).

Анамнездік мәліметтерді жинау, сауалнамалар толтыру, сауалнама жүргізу, ата-аналармен әңгімелесу арнайы медициналық дайындық пен кәсіби білімді талап ететін кәсіби ерекшеліктерге ие.

Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жағдайында ата-аналарға (заңды өкілдерге) психиатр-дәрігермен және невропатологпен кеңесу ата-аналардың баланың проблемаларын, жолдарын, мүмкіндіктерін және оларды жеңу шарттарын неғұрлым жақсырақ қабылдауына ықпал етеді. Емхана жағдайында сапалы консультациялық көмек көрсету көбіне уақыттың шектеулілігіне байланысты қиынға соғады. ПМПК-да бір баланы тексеру және кеңес беру ұзақтығы бір сағатты құрайды. Сонымен қатар, психиатр-дәрігер мен невропатологтың құзыретіне диагнозды нақтылау, мүгедектікті рәсімдеу және үйде оқыту үшін медициналық көрсеткіштерді анықтау мақсатында қосымша тексерулерге Жолдама беру кіреді.

Психикалық денсаулықты сақтаудың әдеттегі тәсілі мүлде қолайсыз!

Қазақстан Халық білім беру қажеттіліктерін бағалауды жүзеге асыратын және мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін және балалар психиатрлары мен балалар невропатологтарының штаттық жүктемесін азайтуға қатысты Арнаулы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің штат санының үлгілік деңгейлерінің 11.12.2024 жылғы № 356 7-тарауына енгізілген өзгерістердің негізділігін қайта қарауды ұсынады. Бұған дейін осыған ұқсас қиындықпен бетпе-бет келген едік, нақтырақ айтсақ, бұрын педиатрлардың санын қысқартып, кейін оны қайта қалпына келтірдік.

ПМПК функцияларын кеңейту керек, сонымен қатар әлеуметтік аспект енгізу керек деп санаймыз. Бұл консультациялар тек педагогикалық, психологиялық және медициналық ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік болуы тиіс.

Екінші. Өңірлерге барып, жұртшылықпен, әлеуметтік арнаулы мекемелердің қызметкерлерімен және пациенттерімен кездесулер барысында азаматтардың іс-әрекетке қабілеттілігін айқындаудың субъективтілігі, ақыл-ой ерекшеліктері бар адамдардың құқықтарын сақтау, мүліктік құқықтарды сақтау, оларды әлеуметтендіру, бейімдеу, тіршілік ету бағытын айқындау, барабар қолдау алу мәселелері анықталды. Осы және басқа да сын-тегеуріндердің барлығы заманауи шындыққа сәйкес байыпты пысықтауды және өзгерістерді, мекемелердің жұмысын реформалауды талап етеді.

Психикалық денсаулыққа әсер ететін факторлар өмірдің әртүрлі салаларына жататындықтан, психикалық денсаулықты нығайту және қорғау шаралары жан-жақты болуы тиіс.

Осы саладағы анықталған мәселелерді талқылап, шешу үшін Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің мамандарынан, қоғам белсенділерінен, арнаулы әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерінен, психикалық ауытқулары бар азаматтардың қамқоршыларынан жұмыс тобын құруды ұсынамыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

А. Нұралин

К. Сейтжан

И. Сұңкар