Қазақстан Республикасындағы алимент өндірудегі проблемалар және алимент қорын құру қажеттілігі туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А.Бектеновке

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Олжас Абайұлы!

Қазақстан Халық партиясының депутаттық фракциясы алимент өндіру мәселесі бойынша бұған дейін де бірнеше рет депутаттық сауал жолдаған болатын.

Еске сала кетейік, 2016 жылы алимент бойынша берешек мөлшері бар болғаны 2 млрд теңге болған еді. ҚХП фракциясы биыл ақпан айында осы алимент өндіру мәселесін көтергенде қарыз мөлшері 21 млрд теңге көлемінде болды. Ал бүгінде алименттік қарыздың жалпы сомасы 43 миллиард теңгеге жетіп отыр.

Өңірлік ЖСО палатасының мәліметінше, елімізде жарты миллионнан астам бала алиментке мұқтаж. Ал бұл алимент өндіру мәселесінің шешілуіне ықпал ететін алғышарттар жоқ.

ҚХП фракциясының пікірінше, бұл жағдайдың түпкі себебі, ең алдымен, алименттік қарыз сомасынының дұрыс есептелмеуінен туындайды. Бұл өндіріп алушыны да, борышкерді де тығырыққа тірейді.

Мәселен, жұмыссыз борышкердің қарызын елдегі орташа айлық жалақы негізінде есептеу алименттік қарыздың геометриялық прогрессия арқылы өсуіне негіз болады.

Мысалы, 2024 жылдың 2 тоқсанындағы орташа айлық жалақы 403 251 теңгені құрайды. Ал статистикаға сүйенсек, еліміздегі халықтың жартысынан көбі 300 000 теңгеден аспайтын жалақы алады.

Нәтижесінде, республиканың кей аймақтарында халықтың табысы тұрақты табысы жоқ адамдарды есептемегенде, елдегі орташа айлық жалақыға негізделген алиментті төлеуге жетпейтінін байқаймыз.

Айта кету керек, бүгінде жалақы мөлшері республикада медиандық бағалау бойынша белгіленген орташа айлық жалақыдан 30 пайызға аз, нақты айтқанда, 278 296 теңгені құрап отыр.

Мұндай жағдайда біз азаматтардың несиелік қарыздарының көбеюімен ғана емес, сонымен қатар азаматтардың борыштық жүктемесінің артуы мәселесімен де күресуге мәжбүр боламыз.

Осылайша, мәселені шешудің басқа жолын таппағандықтан, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларын асыраудан қасақана жалтару мақсатында және балаларының пайдасына өндірілуін шектеу үшін борышкерлер туыстарының, достарының немесе таныстарының жеке кәсіпорындарында жұмыс істейтіні және ең төменгі жалақы мөлшерінде айлық алатыны жөнінде жалған ақпарат ұсынады.

Осындай әрекеттер азаматтардың жұмыспен қамтылуы мен табысы туралы жөнінде жалған статистиканың туындауына себеп болып, балалардың алименттік төлемдерді алуына кедергі келтіреді.

Оған қоса, бүгінде борышкерлерге қарызды ішінара төлеу арқылы алимент төлеу жөніндегі міндеттемені орындаудан оңай құтылуға мүмкіндік беретін тетіктер бар. Бұл ретте ішінара төлемнің көлемі 1000 теңге немесе 10 000 теңге болуы мүмкін.

Біз бұл олқылықты жоюды бірнеше рет ұсындық және әлі де алимент өндіру кезінде нақты бір сома белгіленіп, оны төлемеген жағдайда сот шешімін орындаудан қасақана жалтару деп есептелуі тиіс деп санаймыз.

Балаларды және олардың алимент алуға заңды құқығын қорғау мақсатында ҚХП алимент қорын құруды ұсынып отыр. Алайда, Үкімет бұл ата-аналардың балаларды асырау мен тәрбиелеуге деген ынтасы мен жауапкершілігін төмендетуі мүмкін деп қауіптеніп, ұсынысты қолдамады.

Кейінгі 9 ай ішінде алименттік қарыз мөлшері екі есеге жуық көбейді. Демек, Үкіметтің бұл үрейі бекер болды. Бұл мәселе тез арада шешілуі тиіс. Себебі, Үкіметтің ойлану мен қорқынышқа жұмсаған әр күні балалар үшін қымбатқа түседі.

Үкіметтің бұл қор мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етеді және қорды қалыптастыру және толықтыру үшін қаржыны борышкерлерден толық өндіріп алу мүмкін емес деген ұстанымы негізсіз. Өйткені, қорды салықтық емес түсімдер есебінен толықтыру жоспарланып отыр. Ал оның атқарылуы 2023 жылы 450%-ға дейін өсті. Тиісінше, мемлекеттік шығындар барынша азайтылатын болады. Алайда, мұндай көмектің өскелең ұрпақ үшін пайдасы зор.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚХП фракциясы тез арада мынадай шараларды қабылдауды талап етеді: Салықтық емес түсімдерден құрылатын Мемлекеттік алимент қоры құрылсын, оның негізгі мақсаты – үш айдан артық алмаған балаларға алимент төлеу болады. Сондай-ақ нақты борышкерден мемлекет пайдасына берешекті регрессті өндіру тетігін әзірлеу.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева