Қазақстан Республикасындағы суицид мәселесінің өзектілігі туралы

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Ә.А.Смайловқа

                                    ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

                                Құрметті Әлихан Асханұлы!

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) жыл сайын осы саладағы мәселелерге назар аудару үшін 10 қазанда Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне арналған жаһандық науқан ұйымдастырады.

2022 жылғы Дүниежүзілік психикалық денсаулық күнінің тақырыбы: «Барлығының психикалық денсаулығын жаһандық басымдыққа айналдырайық» деп мәлімделді.

Бұл Қазақстан үшін өзекті мәселе. Себебі біздің ел жыл сайын өз-өзіне қол жұмсау салдарынан 3 мыңнан 4 мыңға дейін адамын жоғалтады. 2021 жылы 3951 адам дүниемен қош айтысты.

2012-2021 жылдар аралығындағы он жылда суицид статистикасы Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау салдарынан күн сайын 8-11 адамынан айырылатынын көрсетті. Негізі өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне күн сайын 9-16 адам барады.

2013, 2015 және 2019 жылдар Қазақстанда жасалған суицид пен суицидке бару санының өсуі өршіген «сыни жылдар» болды.

Дерек бойынша 10 жыл ішінде жасалған бес суицидтің төртеуін ер адамдар, біреуін әйелдер жасады. Басқаша айтқанда, суицидтің 80% - ы ерлерге, 20% -ы - әйелдерге (1/5 бөлігі) тиесілі. Ер адамдардың суицидке бару әрекеті 2012-2018 жылдары барлық жағдайдың жартысына жуығын (48-51%) құрады. Соңғы үш жылда ер адамдардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеті 65% - ға дейін өсті. Бұл ер адамдар әйелдерге қарағанда суицидтік көңіл-күйге бейім екенін көрсетеді және соңғы үш жылда бұл үрдіс әйелдерге қарағанда еркектерде күштірек өсуде.

Соңғы онжылдықта ерлер арасындағы суицид 2012 жылғы 2 472 жағдайдан 2021 жылғы 3 045 оқиғаға дейін өсті (өсім 23%). Осы кезеңде өз-өзіне қол жұмсау әрекеті 2012 жылғы 1683-тен 2021 жылы - 2971-ге дейін (77%-ға өсті) ұлғайды.

Әйелдер арасында өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші 1,5 есе өскенін көрсетті – 2012 жылғы 583-тен 2021 жылы 877-ге дейін. Өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің саны ауытқып тұрды: 2012-2015 жылдары ол 1756-дан 3039-ға дейін өсті, кейін 2017 жылы 1714-ке дейін төмендеді; 2018-2019 жылдары 1994 және 1942 жағдайға дейін өсті, содан кейін 2021 жылы 1542 жағдайға дейін төмендеді.

Суицидтің таралуы бойынша – 100 мың халыққа шаққандағы жағдайдың саны бойынша – тенденция жалғасуда: ерлер арасында Қазақстанда суицидтің таралуы әйелдермен салыстырғанда үш есе жоғары.

БАҚ-тың жасөспірімдер мен жастардың өз-өзіне қол жұмсау фактілеріне көбірек көңіл бөлгеніне қарамастан, басқа жастағы топтар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактісі аз. Бұл тиісті шаралардың қабылдануының нәтижесі.

Мәселен, 2010 жылы Қазақстан Үкіметі жасөспірімдер арасындағы суицид санының артып келе жатқанын мойындаса, 2011 жылы суицид 15-19 жас аралығындағы адамдар өлімінің негізгі себебі деп танылды. Қазақстандағы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, Денсаулық сақтау, Білім, Ішкі істер министрліктерін және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, 2015-2018 жылдары «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу жобасы» жүзеге асырылды.

2019 жылы Қазақстан Республикасының білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды (ол бүгінде күшін жойды), онда да студенттер арасындағы суицидтің алдын алу шаралары қамтылды.

Нәтижесінде 10 жыл ішінде, әсіресе соңғы үш жылда 5 жастан 14 жасқа дейін және 15 пен 24 жас аралығындағы адамдар арасында өз-өзіне қол жұмсау үлесі мен саны (2012 жылғы 5,1%-дан соңғы үш жылда 2,5-3%-ға дейін) төмендеді. Бірақ өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің таралуы тұрғысынан, яғни 100 мың халыққа шаққандағы жағдай тұрғысынан айтатын болсақ, онда 15 жастан 24 жасқа дейінгі топтағы суицид санының төмендеуіне қарамастан, суицидтің таралуы 100 мың халыққа шаққанда шамамен 20 жағдайды құрайды.

«Бала құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешудің 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы» бар болса да, «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасында суицидтің алдын алу шаралары жоқ.

25 пен 29 жас аралығындағы қазақстандықтар арасында өз-өзіне қол жұмсау санының (2012 жылғы 14,7%-дан соңғы үш жылда 9-10%-ға дейін), сондай-ақ 30-дан 34 жасқа дейінгі адамдар арасындағы суицидттің (13,4%-дан 2021 жылы 8,8%-ға дейін) азайғанын атап өтуге болады. 2012 жылы Жастар мен жас отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар оң нәтиже берген болар, бірақ бұл бөлек зерттеуді қажет ететін мәселе. Жасы бойынша өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің басым бөлігі 45 пен 54 жас аралығындағы, (2012-2021 жж. жалпы санның 20-24%), одан кейін 55 пен 64 жас аралығындағы топқа (2012 жылғы 14,5%-дан 2021 жылғы 18,5%-ға дейін өсті) тиесілі екені алаңдатады.

Сондай-ақ қаралып отырған онжылдықта зейнет жасында өз-өзіне қол жұмсау үлесі үнемі өсіп отырды: 65-тен 74 жасқа дейінгі адамдар арасында суицид саны 2012 жылғы 9,4%-дан (122 суицид) 2021 жылғы 13,6%-ға (256 суицид) дейін өсті; 75 жастан асқандар арасында өз-өзіне қол жұмсау саны 4%-дан 6,5%-ға дейін (абсолюттік мәнде екі еседен астам – жылына 29-дан 65 жағдайға дейін) артты. Таралуы бойынша жағдай өзгеріссіз қалды. 75 жастан асқан қарт адамдар арасында 10 жылда суицидтің таралуы 100 мың халыққа шаққанда 25-тен 40 жағдайға дейін, 65-74 арасындағы азаматтарда 100 мың халыққа шаққанда 17-ден 26 жағдайға дейін өсті.

2012 жылға дейін Қазақстан халық арасында суицидтің таралуы бойынша алғашқы он елдің қатарында болды (2000 жылы 6 орын, 100 мың адамға шаққанда 39,4 жағдай, 10 орын – 2012 ж.). Жалпы халық арасындағы суицид көрсеткіші бойынша Қазақстан 2019 жылы 100 мың халыққа шаққанда 18,1 көрсеткішпен 17- ші орында болды. Жалпы, соңғы 20 жылда суицидтің таралуын төмендетуде оң үрдіс байқалады, бірақ бұл антирейтинг бойынша алдыңғы қатарлы жиырма елдің арасынан көріну үшін бұл көрсеткішті одан әрі төмендету қажет. Бейбіт уақытта жыл сайын 4 мыңға дейін адамды жоғалтуға жол беруге болмайды.

Суицид деңгейі Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының денсаулық сақтауға қол жеткізу үшін бекітілген басымдықтарының бірі болып табылады. Атап айтқанда, «2030 жылға қарай алдын алу және емдеу арқылы жұқпалы емес аурулардан мезгілсіз өлімді үштен бірге қысқарту және психикалық денсаулық пен әл-ауқатты нығайту». Сондай-ақ суицидтен болатын өлім-жітімді азайту көрсеткіші Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу міндеттеріне енгізілген. Дегенмен, көрсеткішке жету механизмі түсініксіз.

Бұрын Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (қолданылуын жоғалтқан) денсаулықтың медициналық-демографиялық көрсеткіштері бойынша суицид статистикасы ескеріліп, жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу шаралары қабылданған болса, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында суицид мәселесі айтылмаған.

Осы орайда суицид проблемасына саяси деңгейде назар аударудың төмендеп кеткенін тілге тиек еткен жөн деп санаймыз. Азаматтарды өмірден өз еркімен кетуге итермелейтін себептерді мұқият зерделеу қажет. Суицидке бірқатар күрделі мәселелер себеп болады. Біріншіден, себебі нақтыланбаған суицидтің үлесі үнемі жоғары болады. (2016-2017 жылдары осы санат барлық жасалған суицидтің 45%-ын, 2020 -2021 жылдары 28 және 29%-ды құрады; Яғни өз-өзіне қол жұмсаған қазақстандықтардың үштен бір бөлігі бұл қадамға не үшін барғаны беймәлім.

Белгіленген себептердің ішінде жалғыздық (2016-2021 жылдардағы барлық суицидтердің 3-тен 10%-на дейін) ең көп таралған, бұл отбасылық және тұрмыстық саладағы проблемалардың, қоғамдағы бытыраңқылықтың және т.б. дәлелі болуы мүмкін. Сондықтан мәселені зерттеу керек. Бұдан әрі маңыздылығы бойынша қиын материалдық жағдай (банкроттық, қарыз) соңғы 10 жылдағы барлық суицидтердің 3-тен 5,4% -на дейін; ауыр соматикалық аурулар – 2,3-тен 3,6% - ға дейінгі көрсеткішті құрайды. Бұл Экономика және денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды да көрсетеді.

Айта кетейік, әлемде суицид мәселесіне көзқарас әртүрлі: ДДҰ мәліметі бойынша 20 елде әлі күнге дейін суицид әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 28 елде суицидтің алдын алудың ұлттық стратегиясы бар. Суицидтің алдын алудың ұлттық стратегиясы бар 4 елде және мұндай стратегиясы жоқ 4 елде 30 жылдағы трендтерді талдаған зерттеу нәтижесі мұндай стратегияны қабылдау тиімді екенін көрсетті. Дегенмен авторлар тиімді шараларды анықтаудағы қиындықтарды атап өтті. Осындай шаралардың бірі ретінде 1980 жылдары Швеция үкіметі жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің біліктілігін арттыру шарасын жүзеге асырды. Нәтижесінде дәрігерлер депрессияны бұрынғыға қарағанда жақсы анықтай бастағандықтан, елдегі суицид деңгейі айтарлықтай төмендеді. АҚШ-та суицидтің алдын алудың ұлттық стратегиясы және суицидтің алдын алу жөніндегі ұлттық іс-қимыл альянсы бар. Оның негізгі құрамдас бөлігі денсаулық сақтау жүйелерінде тиісті жұмыс жүргізу арқылы суицидтен болатын өлімді азайтуға бағытталған «Zero Suicide» бастамасы болып табылады.

Бұл қызметті Тhe Substance Abuse and Mental Health Services Administration (SAMHSA) – АҚШ Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаменті (HHS) құрамындағы агенттік қолдайды. Ол халықтың мінез-құлық денсаулығын жақсарту, психикалық және психикалық бұзылулармен өмір сүретін адамдардың өмірін жақсарту бойынша қоғамдық денсаулық сақтау әрекеттін басқарады.

Агенттіктің 2019-2023 жылдарға арналған стратегиялық жоспары, оның ішінде «Zero Suicide» шеңберінде денсаулық сақтау, психикалық денсаулық жүйелерінде суицидтің алдын алу бойынша кешенді күш-жігерді ілгерілетуді қамтиды. Осыны ескере отырып, Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары Үкімет мынадай жайттарға назар аудару қажет деп санайды:

1) Ең көп суицидті орта жастағы қазақстандықтар жасайды – 45-тен 54 жасқа дейін (20-24%). Бұл кіші және аға буынды күтіп-бағу мен қолдауға көп көңіл бөлетін азаматтар санаты. Олар жас қазақстандықтар секілді жастар саясатымен қамтылмаған. Көбінесе ер адамдар стресске төтеп бере алмайды.

2) Зейнеткерлерге назар аударылатынына қарамастан, қазақстандықтар арасындда осы санаттағы адамдар арасында суицид саны өршіп тұр.

3) Өз-өзіне қол жұмсау жағдайының үштен бірінің (29%) себебі анықталмаған. Мәселе жеткілікті зерттелмеген.

4) Өз-өзіне қол жұмсаудың себебі ретінде қиын қаржылық жағдай, ауыр соматикалық аурулар және жалғыздық зерттеу мен бағалауға ие болуы керек.

Осыған байланысты Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары:

1) Жас санатына қатысты саясаттан бас тарту және барлық жастағы барлық азаматқа бірдей қарау;

2) Суицидтен болатын өлім-жітім көрсеткіштерін халықтың әл-ауқаты мен денсаулығының бірқатар көрсеткіштеріне және көрсеткіштер мен нысаналы индикаторлар бөлігінде ұлттық жобаларға тиісті өзгеріс енгізу;

3) Қазақстандағы суицид санының өсуін және халықаралық тәжірибені ескере отырып, суицидтің алдын алудың ұлттық стратегиясын әзірлеу мүмкіндігін қарастыру;

4) Мемлекет жүргізіп отырған саясат пен қабылдаған шешімдердегі қорытындыларды көрсете отырып, суицидтің себептерін мұқият зерттеуді қамтамасыз ету;

5) Депрессиялық синдромды және басқа да психикалық бұзылуларды алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) деңгейінде қолданыстағы саясат шеңберінде немесе суицидтің алдын алудың ұлттық стратегиясы шеңберінде анықтауды қамтамасыз ету;

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

  • Е. Смайлов
  • Г. Нұғманова
  • М. Магеррамов
  • А. Қоңыров
  • Ж. Ахметбеков
  • Ғ. Құлахметов
  • А. Милютин
  • А. Паяев
  • А. Сқақова
  • И. Смирнова

05.10. 2022 ж. жарияланды